Мүбарек шах

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 25

1049699
Мүбарек шах

Мәуренахр мен Жетісуды билеген Шағатай хандығы әу бастан екі қанатқа бөлінетін еді. Мәуренахрды жайлаған түрік рулары көбінесе егіншілікпен айналысып отырықшы өмір сүрсе, Жетісудағылар мал шаруашылығымен айналысып, көшпенді өмір салтымен тіршілік ететін. Осы бөлінуге сәйкес, Шағатай ұлысының екі астанасы бар еді. Біріншісі – Жетісудағы Іле өзенінің жағасындағы Алмалық қаласы, екіншісі болса Мәуренахрдағы Самарқант қаласы болатын. Алмалықта даланың рухы мен көшпенділік сана басым болса, Самарқантта қаланың тіршілігі мен отырықшылық мәдениет үстем еді. Дін мәселесінде Алмалықта тәңір діні әлі де қолданыста болса, Самарқантта Ислам діні халықтың тұрмыс салтына сінген болатын. Шағатайдың ұрпақтарының отырықшы өмір салтына өтуі баяу ілгерледі. Бұл үдеріс Шағатай ұрпақтарының Ислам дінін қабылдауымен қатар жүрді. Осы үдерістегі ең маңызды тұлғалардың бірі Шағатай ханның шөбересі Мүбарек шах болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы ұлы тұлғаның өмірбаянын қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыз Мүбарек шахтың қай жылы туығаны белгісіз. Ал қайтыс болған жылы 1276 жыл. Демек Мүбарек шах он үшінші ғасырдың үшінші ширегіне өз таңбасын қалдырған тарихи тұлға болып саналады. Әкесі Шағатай ханның бірінші ұлы Мүтүгеннен тарайтын Қара Құлағу болып табылады. Ал ойраттың қызы болған шешесі Ергене қатын төрелерге жиен болып келетін. Өйткені Ергене қатынның шешесі Шыңғыс ханның қызы Шешейкен еді. Орман халқы болып саналатын ойраттар Шыңғыс ханды қолдаған алғашқы рулардың бірі болғандықтан Шыңғыс хан Ойрат ру басыларымен құда-андалық қатынас орнатты. Ұлы қаған ойраттарға өзінің қызы Шешейкенді ұзатты. Кейіннен Жошыдан тарайтын шөбересін тағы да ойраттарға ұзатып, Шыңғыс хан сүйек жаңғыртқан болатын.

Мүбарек шахтың анасы Ергене қатынды ерекше қылып тұрған тағы бір жайт оның Шыңғыс ханның ең сүйікті немересі Мүтүгеннің келіні болуы еді. Шағатай ханның тұңғыш ұлы болып табылатын Мүтүген әкесі Шағатай Хорезмшах мемлекетінің астанасы Үргенішті жаулап жүргенде Ауғаныстанда Жәлеледдин Мәңгібердімен болған шайқаста жебе тиіп қайтыс болған еді. Оның атасы Шыңғыс ханның тікелей қарамағындағы жасақтың құрамында бола тұра қайтыс болуы Ұлы қағанның жанына қатты батқан болатын. Шағатайға тұңғыш ұлының қайтыс болғандығын өз аузымен жеткізген Шыңғыс хан Мүтүген қайтыс болған Бамиян қаласын жермен-жексен қылғандығы айтылады. Қысқасы Ергене қатынның Мүтүгеннің ұлы Қара Құлағуға тұрмысқа шығуы Шыңғыс ханды қуантқан жағдай болған еді.

Ұлы тұлғамыздың атының түрікше-моңғолша емес, арабша-парсыша болуы да қызық жайт. Расында Мүбарек шах туғанда Шағатай ұрпақтарының ешқайсысы мұсылман емес еді. Оның атындағы «мүбарек» араб тілінде «құтты» дегенді білдірсе, «шах» сөзі парсы тілінде билеушілерге берілетін атақ болып табылады. Ұлы тұлғамыздың атына қарап, оның туылған кезінен бастап, Шағатай ұрпақтарының араб-парсы мәдениеті ықпалында қала бастағандығын болжай аламыз. Адамның аты оның тағдырын белігілейді демекші, Мүбарек шах Шағатай ұрпақтарының алғашқысы болып Ислам дінін қабылдайды. Бұл жағдай Шағатай ұрпақтарының Исламдану үдерісінің басы еді. Алтын Ордада Жошы ұрпақтарының Ислам дінін қабылдауы біршама баяу жүрсе, Шағатай ұрпақтарының исламдануы қарқынды жүрді. Мысалға айтар болсақ, Исламды алғаш болып қабылдаған Берке ханнан кейінгі Алтын Орда билеушілері Тәңір дінін ұстанса, Мүбарек шахтан кейінгі барлық Шағатай ұрпақтары мұсылман болды. Бұл жағдай халықтың билеушілерге қалайша ықпал жасайтындығының жақсы үлгісі болып табылады. Шынында Мәуренахр мен Жетісу сегізінші ғасырдың ортасынан бастап исламдана бастаған еді. Ал Алтын Орда құрылған Дешті Қыпшақ жерінің исламдануы он төртінші ғасырда ғана басталды.

Мүбарек шах 1252 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Шағатай хандығының тағына отырды. Тақтың түркі мемлекеттілік дәстүріне қарай ағадан ініге емес, әкеден балаға өтуін де Шағатай хандығындағы парсы мемлекеттілік дәстүрдің ықпалы ретінде қарастырсақ болады. Десе де Мүбарек шахтың жасына байланысты хандықты оның анасы Ергене қатын биледі. Осы тұрғыдан ұлы тұлғамыз өз әкесінің тағдырын қайталағандығы байқалады. Оның әкесі Қара Құлағудың да жасына байланысты хандықты іс жүзінде оның шешесі Әбускун билеген еді.

Ергене қатынның билігі 1260 жылға дейін жалғасты. Бұл жылы Қара Құлағудың інісі Алғу өзін Ұлы қаған деп жариялаған Арық Бөкеден әскер алып, Шағатай тағын тартып алған еді. Сонымен қатар Алғу Ергене қатынмен де үйленген болатын. Алғудың билігі 1265 жылға дейін жалғасты. Алғу хан қайтыс болғаннан кейін Еергене қатын Мүбарек шахты хан деп жариялады. Ұлы тұлғамыздың 1266 жылғы таққа шығу салтанаты өзінен бұрынғы хандардың салтанатындай Жетісудағы Алмалық қаласында емес, Мәуренахрдағы Ахангаран қаласында өтті. Осының өзі Шағатайлықтардың уақыт өткен сайын көшпенділікті тастап, отырықшы өмір салтына өткендігін және ең бастысы жергілікті халықпен жақын бола бастағандығын көрсетеді.

Алайда Мүбарек шахтың хан болып тағайындалуын Ұлы қаған титулын алған Құбылай хан бекітпей қойды. Құбылай хан Шағатай хандығындағы өз ықпалын арттыру мақсатында Шағатай ханның басқа немересі Барақты қолдады. Өйткені Барақ Құбылай ханның сарайында өскен еді. Оның үстіне Барақ та Исламды қабылдап, Ғияседдин атын алған болатын. Сондықтан оның Мүбарек шахпен Шағатай тағына таласуына толық құқығы бар еді. Барақтан жеңіліп, тақтан айрылған Мүбарек шах Иранға қашты. Елхан Абақ ханның қарамағында қызмет етіп жүргенде 1276 жылы қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар