Семіз Мехмет Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 21

Семіз Мехмет Керей Хан

Қырым хандығы 1552 жылы Қазаннан және 1556 жылы Астраханнан айрылғаннан кейін Османлы мемлекетіне бағыныштылығы арта түсті. Он алтыншы ғасырдың соңғы ширегінде Қырым орыстардың жеңісін мойындап, Алтын Орданың мұрасына таласын тоқтатқан ұқсайды. Бұл кезде Қырым хандығы дербес мемлекет ретінде емес, Османлы империясының вассалы ретінде әрекет еткендігі байқалады. Олай болса бүгінгі әңгімеміз осы қиын қыстау кезеңге өз таңбасын қалдырған Қырым ханы Семіз Мехмет Керей туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз 1532 жылы туып, 1584 жылы қайтыс болған. Басқа Керей әулетінің хандарына қарағанда бітімі семіз болғандықтан, оны Семіз Мехмет деп атаған. Оның үстіне ғасырдың басындағы Қырым ханы Мехмет Керейден айыру үшін ұлы тұлғамызды Мехмет ІІ Керей деп те атайды. Әкесі – Қырым ханы Дәулет Керей. 1555 жылы тақ мұрагері ағасы Ахмет Керей орыстармен болған Судбища шайқасында қайтыс болғаннан кейін Семіз Мехмет «қалғай» атағын алды. Ұлы тұлғамыз қалғай ретінде әкесінің ұйымдастырған барлық жорықтарына қатысты.   

1558 жылы Семіз Мехмет «қалғай» ретінде орыс жерлеріне алғашқы жорығын жасайды. Алайда орыстардың қалың қолының қырымдықтарға қарсы келе жатқандығы туралы ақпар ханзаданың шегінуіне себеп болады. 1563 жылы Семіз Мехмет інісі Әділ Керей екеуі бір түмен әскермен орыс жерлеріне шабуыл жасап, Михаил, Дедилов және Рязан аудандарын таландайды. 1570 жылы алпыс мыңдық қолмен Семіз Мехмет пен інісі Әділ Керей орыстардың Рязан және Кешир қалаларын тонайды. 1571 және 1572 жылдарында Қырым ханы Дәулет Керейдің Мәскеуді өртеп «тахт алған» атағын алған жорығына ұлы тұлғамыз да қатысады.

29 маусым 1577 жылы Қырым ханы Дәулет Керей Бақшасарайда қайтыс болғаннан кейін қалғай Семіз Мехмет Қырым тағына шығады. Ұлы тұлғамыз өзінің мұрагері ретінде інісі Әділ Керейді тағайындайды. Сол жылы Семіз Мехмет хан қалың қолмен Польша-Литва жерлеріне шабуыл жасайды. Польша королінің жорықтарды тоқтату үшін төлеген қомақты төлемді есептемегенде қырымдықтар 35000 тұтқын, 40000 ат, 500000 сиыр мен қой қолға түсірді. Бұл Қырым ханының солтүстікке жасаған соңғы жорығы болды. Бұдан кейінгі  қырымдықтардың саясаты Иран бағытына ауды.

1578 жылы Сафевилермен соғысып жатқан Османлы сұлтаны ІІІ Мұрат Семіз Мехмет ханға Кавказдан Иранды шабуылдауын бұйырды. Ұлы тұлғамыз бұл жорыққа өзі қатыса алмаса да, қалғай Әділ Керей мен інілері Шағай Мұбарак Керей  және Қази Керейдің қолбасшылығында жиырма мың әскерді Кавказға жібереді. Сол жылы қараша айында қырымдықтар османлы қолбасшысы Өздемір оғлұ Осман пашаның әскерлерімен Ширванда қосылады. Қырымдықтар Ширван беклербегі Арас-хана Румлуның жиырма бес мыңдық қолын ойсырата жеңеді. Осыдан кейін Османлы-Қырым әскерлері Муган жазығындағы қызылбас қолын жояды. Алайда Қарабахтан келген Хамза мырзаның қолбасшылығындағы ирандық қалың қол келіп, қырымдықтарды жеңеді. 28 қараша 1578 жылы болған шайқаста қалғай Әділ Керей найзамен жарақаттанып, қолға түседі. 1579 жылы қырымдық сұлтан Иранның Казвин қаласында өлтіріледі. Осылайша Қырым хандығының Иранға жасаған бірінші жорығы сәтсіз аяқталады.

1579 жылы жазда Семіз Мехмет хан жүз мыңдық қолмен Иранға қарай жорыққа шықты. Қырымдықтарды Дербенттегі Осман паша қуана қарсы алды. Семіз Мехмет хан жауыздықпен өлтірілген інісінің кегін алу үшін келгендігін мәлімдеді. Гази Керейдің қолбасшылығындағы Қырым жасағы Баку түбінде Сафеви қолын жеңеді. Артынша Ираневе қалың қолмен келген Мұхаммед халифпен болған шайқаста Семіз Мехмет хан ирандықтарды жеңіп, қолбасшыларын өлтіреді. Осы жеңістен кейін Семіз Мехмет Кавказда інісі Қази Керейді аз ғана қолмен қалдырып, өзі Қырымға қайтып кетеді. Бұл хабарды алған ирандықтар Ширванды қайта жаулап алады.

Қалғай сұлтан Әділ Керей қайтыс болғаннан кейін ұлы тұлғамыз үлкен ұлы Сағадат Керейді қалғай деп жариялады. Алайда Семіз Мехметтің інісі Алып Керей бұған наразылығын білдіріп, өзінің қалғай болуы керектігін айтты. Осыдан кейін Алып Керей Семіз Мехмет ханмен ұрысып, Ыстанбұлға қашты. Бірақ Алып Керей Дон өзенінен өтіп бара жатқанда украиндық казактардың қолына түсіп қалады. Алып Керей казактардың басшысы Польша короліне хат жазып, одан қалғайлыққа таласында көмек беруін немесе Османлы мемлекетіне қарай өткізіп жіберуін сұрайды. Ақырында Польша королі Алып Керейге адамдар қосып, оны Ыстанбұлға өткізеді.

Османлы сұлтаны Семіз Мехмет ханның Иран жорығында османлыларды жалғыз қалдырып кеткеніне наразы болып жүр еді. Сондықтан османлылар Алып Керейдің қалғай болуын қолдайды. Осының нәтижесінде Семіз Мехмет хан амалсыздан Алып Керейді қалғай деп жариялайды. Ал өзінің ұлы Сағадата «нұреддин» деген атақ береді. Осыдан бастап Қырымда «нұреддин» атағы қалыптасқан болады. Басқаша айтқанда Қырымда маңыздылығына қарай бірінші хан, одан кейін қалғай және үшінші дәрежеде нұреддин тұратын болды.

1580 және 1581 жылдары қырымдықтар Османлы падишахының әміріне сай Иранға екі рет жорыққа шықты. 1581 жылғы жорықта Қырым жасағының қолбасшысы Қази Керей қолға түсіп қалады. 1582 жылы Османлылар тағы да қырымдықтардың Иранға шабуыл жасауын бұйырады. Бірақ бұл жолы Семіз Мехмет Қырымда үлкен құрылтай ұйымдастырып, бұл мәселені талқыға салады. Қырымдық билер мен мырзалар жорыққа қарсы шығады. Осыған сай ұлы тұлғамыз Османлы бұйрығын орындаудан бас тартады. Алайда Семіз Мехмет ханның бұл шешімі 1584 жылы оның тақтан түсуіне және артынша өлтірілуіне себеп болады.      



Ұқсас жаңалықтар