Сахип Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 19

Сахип Керей Хан

Он алтыншы ғасырдың ортасында Қырым хандығы ең қуатты хандық еді. Алайда сонымен қатар хандықтың Османлы мемлекетіне бағыныштылығы арта түсті. Оның үстіне Мәскеу кінәздігі де барған сайын күшейіп бара жатыр еді. Осы кезеңге өз ізін қалдырған тұлға Сахип Керей болды. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда он алтыншы ғасырдың бірінші жартысындағы маңызды Қырым хандарының бірі Сахип Керейдің өмір жолына үңілеміз.

Ұлы тұлғамыз  1501 жылы туып, 1551 жылы қайтыс болған. Қырым ханы Меңлі Керейдің кенже ұлы және Мехмет ханның інісі болып табылады. 1518 жылы желтоқсан айында перзенті болмаған Қазан ханы Мұхаммед Әмин қайтыс болды. Қазан тағына Мәскеу кінәздігі өзінің қолындағы Шах Алиді шығарды. Алайда бұл жағдайға Қазан мырзалары наразылық білдіріп, оған қарсы соғыс бастады. Қазан мырзалары Мемхет Керейден қолдау сұрап, Қазан хандығы тағына өзінің бір туысын отырғызуын өтінді. Осы өтінішке сай, Мехмет Керей хан өзінің інісі Сахип Керейді Қазан тағына шығарды. 1524 жылға дейін Қазан хандығы тағында отырған ұлы тұлғамыз Қырым хандығымен бірге әрекет етіп, орыс жерлеріне жорықтар ұйымдастырды. Алайда 1523 жылы Мехмед Керей қайтыс болғаннан кейін оның орнына таққа шыққан Сағадат Керей ағасының саясатын өзгертіп, Мәскеумен жақындаса бастады. Осы одақты пайдаланған Мәскеу кінәзі Василий III Иванович 1524 жылы Қазанға қарсы жүз елу мыңдық қолмен жорық ұйымдастырды. Сахип Керей хан Қырым ханы Сағадат ханнан көмек сұрайды. Бірақ ағасы оған көмек бере алмайтындығын айтады. Осыдан кейін Сахип Керей Османлы мемлекетіне елші жіберіп, ол жақтан жәрдем сұрайды. Османлы сұлтаны Кануниден де жауап келмейді. Ақырында Сахип Керей немерелес інісі Сафу Керейді Қазан тағына хан қылып тағайындап, өзі Қырымға қашуға мәжбүр болады.

Қырымға келе салысымен оны ағасы Сағадат Керей хан тұтқындайды. Ұлы тұлғамыз бір- екі жыл тұтқында болады. Осыдан кейін Қырым ханы оны тұтқыннан шығарып бүлік шығарған Ислам Керейге қарсы қолданады. Ислам Керей көтерілісін табысты жаншыған Сахип Керей «қалғай» атағын алады. Ал 1531 жылы Ыстанбұлға қоныс аударады.

Қырым ханы Сағадат Керейдің Мәскеу кінәздігімен одақ құруын Қырым билері мен ру басылары қолдамаған еді. Оның бұл саясаты Қазан хандығының әлісіреп, орыстардың күшеюіне жол ашқан еді. Осыған байланысты қырымдық билер мен мырзалар Ислам Керейдің бастаған көтерілісін қолдап, Сағадат Керейді Қырымнан қуып шаққан еді. Алайда таққа шыққан Ислам Керейдің билігін Османлылар мойындамай, жаңа хан ретінде ұлы тұлғамыз Сахип Керейді тағайындайды. 1532 жылы күзде янычарлардан құралған қалың қолды бастап Сахип Керей Қырымға келеді. Ұлы тұлғамызды Қырым мырзаларының бір бөлігі қолдап, оны таққа шығарады. Сахип Керей елдің ішіндегі бүліктің алдын алу мақсатында Ислам Керейді «қалғай сұлтан» деп жариялайды. Бірақ бұған қарамастан Ислам Керей 1534 жылы қайта бүлік бастайды. Бүлік бастырылғаннан кейін Сахип Керей хан ағасы Сағадат Керейдің баласы Ахмет Керейді 1535 жылы «қалғай» деп жариялайды. Бірақ 1537 жылы Ахмет Керейдің төңкеріс жасайын деп жатқаны әшкере болып, осыған байлынысты ол тұтқындалып, өлім жазасына кесілді. Ең соңында Сахип Керей хан өз ұлы Әмин Керейді «қалғай» деп жариялайды.

Сахип Керей ішкі саясатта Қырым хандығын күшейту мақсатында белгілі әрекеттер жасады. Алдымен ұлы тұлғамыз хандықтың астанасын Шіріксу өзені жағасындағы Салашықтан төменгі ағыста екі шақырым қашықтықтағы жерге көшірді. Бұл жер кейіннен ірі қалаға айналып, Бақшасарай атын алды. Бұған қоса Сахип Керей хан түбектің батысында Көздеу портының негізін қалайды. Бұның себебі Қырымның оңтүстігіндегі порттар Османлы мемлекетінің тікелей қарамағында болатын. Басқаша айтқанда, Көздеу порты Қырымның халықараық саудаға ашылған терезесіне айналып, хандықтың Ыстанбұлға тәуелділігін азайтты. Көшпенділік дәуірінің біткендігін аңғарған ұлы тұлғамыз түбектің жазық жерлерінде көшіп қонып жүрген түріктердің отырықшылыққа өтуіне жағдай жасады.

Сыртқы саясатта Сахип Керей Османлы сұлтаны Канунимен тығыз ынтымақтастық орнатты. Деректерге қарағанда қырымдық әскерлер Османлы қолының Еуропа мен Кавказдарда ұйымдастырған тоғыз жорығына қатысып, Ислам халифатына қолдау көрсеткен. Мысалға 1538 жылы Кануни Сұлтан Сүлейманның өз қолбасшылығында жасаған Молдава жорығына Қырымнан Сахип Керей ханның бастаған жасағы қатысқан болатын.

Бұл кезеңде Қырым хандығының солтүстік елдер мен Кавказда белсенді болғандығы белгілі. 1539 жылы Сахип Керей Литваға, ал 1540 жылы Мәскеуге шабуыл жасайды. Бұл жорықтарда қырымдықтар көптеген қалаларды қиратып, мол олжаны қолға түсіреді. 1544 жылы ұлы тұлғамыз шеркештер мен кабардиндіктерді бағындырады.  Ал 1545 жылы Астрахан Қырымның билігін мойындайды.

1551 жылдан бастап Қырым хандығының Османлы мемлекетімен қатынасы бұзыла бастайды. Бұның себебі Сафевилердің қарамағындағы Иранмен соғысып жатқан Османлы сұлтаны Кануни Сахип Керейден көмек сұрайды. Алайда Қырым ханы әр нәрсені сылтауратып, Иранға шабуыл жасамайды. Бұл жағдайға байланысты Кануни Сахип Керейге қарсы Дәулет Керейді қолдап, оны Қырым тағына тағайындайды. Оған янычарлардан құралған әскер мен алпыс зеңбірек беріп, Қырымға жібереді. Бұл кезде Кавказда жорықта жүрген ұлы тұлғамыз Дәулет Керейге қарсы ешнәрсе істей алмайды. Ұлы тұлғамыз сол жылы Таман қамалында қайтыс болады.



Ұқсас жаңалықтар