Нұрдәулет Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 15

Нұрдәулет Керей Хан

Ұлы дала тарихы тұрғысынан он бесінші ғасырдың екінші жартысы өте маңызды болып саналады деген тұжырым жасасақ қателескен болмаймыз. Шындығын айтқанда, бүгінгі Түркі әлеміндегі қалыптасқан жағдай өз бастауын сол кезеңнен алады. Мысалға бүгінгі қазақ, өзбек, татар, башқұрт атауларының ұлт ретінде ұйысуы сол кездегі саяси оқиғалар тізбегінің нәтижесі екендігі белгілі. Сонымен қатар Анадолының батысында өз шаңырағын көтерген Османлы мемлекетінің 1453 жылы Шығыс Рим Империясының астанасы және Православ христиандығының орталығы Константинопольді алып, оны Ыстанбұлға айналдыруы және Еуразияда маңызды күшке айналып, Алтын Орданың мұрасына талас бастауы да сол кезде басталған. Бұған қоса Мәскеу кінәздігінің ірі империяға айналып, тарих сахнасына шығуы және Алтын Орданың басқа мұрагерлерін ығыстыруы да сол кезеңде басталған үдеріс. Ал Түркі әлемінің оңтүстігіндегі Иранның Шиилікті қабылдап, өзіндік болмыс қалыптастырып, Түркі әлемінен оқшаулану процесі де дәл осы он бесінші ғасырдың екінші жартысында басталған еді. Бүгін Еуразияда елеулі актор болып тұрған Түркия, Ресей және Иран империя ретінде тарих сахнасына сол кезеңде шыққан еді. Бұл елдердің күшеюімен Алтын Орданың құлдырауы арасында байланыс бар екендігі айқын. Әсіресе Фатих Сұлтан Мехметтің Османлы мемлекетінің Қырым хандығымен қарым-қатынасын және Иван III Васильевичтің Мәскеу кінәздігінің Қасым хандығымен байланысын ескерсек, бұл жаңа мемлекеттердің  шындығында Алтын Орданың ыдырауымен пайда болған вакуумды толтыруға тырысып жатқандығын байқаймыз. Осы қиын қыстау кезеңді түсіну үшін әрі Қырым хандығы тағында отырған, сосын Қасым хандығына билеуші болған Нұрдәулет Керей ханның өмірбаянына назар аударуымыз керек. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда кейінгі кезеңдегі тар заман мен зар заманның басы болып саналатын осы шешуші кезеңнің куәгері Нұрдәулет Керей ханның өмір жолын қарастырамыз. 

Ұлы тұлғамыздың нақты қай жылы туғандығы белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1503 жыл. Әкесі Қажы Керей Қырым хандығының негізін қалаған хан болып саналады. 1466 жылы Қажы Керей қайтыс болғаннан кейін әкесінің орнына хан болып сайланады. Алайда Қырымның барлық билері оны қолдамайды. Бұның себебі Нұрдәулет Керей Алтын Орданың қара шаңырағы болып саналатын Үлкен Ордамен жақсы қарым-қатынаста болатын. Ал Қырым хандығындағы билер мен рубасылары Үлкен Ордадан тәуелсіз болу үшін талпынып жатыр еді. Осы жағдайға байланысты Қырымдағы белгілі билер мен әмірлер Нұрдәулет Керей ханның інісі Меңлі Керейдің айналасына жиналып, ханға қарсы бүлік бастады. Үлкен Орда хандарының Нұрдәулет Керейді қолдауы жергілікті билердің ханға деген сенімін одан сайын әлсіретті. Қырым тағына болған шайқас алма кезек жеңіспен тура он жыл жалғасты. Нұрдәулет Керей 1466 жылы хан болса да, 1467 жылы тақтан айрылып қалды. Десе де сол жылы Меңлі Керейді жеңіп, 1467-1469 жылдар аралығында Қырым ханы болып отырды. Бірақ тағы да 1470 жылы Меңлі Керейден жеңіліп, Қырым тағынан айрылып қалды. Ал 1475 жылы Нұрдәулет Керей хан Алтын Орданың тұтастығы үшін күрес жүргізіп жатқан Ахмат ханның қолдауын алып, Қырымды өзіне қаратты. Алайда бұл жолғы билігі де не бары бір-ақ жылға созылды. Бұның себебі Анадолы мен Балқан түбегінде күшейе бастаған Османлы мемлекеті халықаралық саудада маңызды күшке айналуды мақсат еткен еді. Осы орайда Османлы бидеушісі Фатих Сұлтан Мехметтің мақсаты Қаратеңіздегі сауданы өз қарамағына алу болатын. Осы мақсатта 1475 жылы Гедик Ахмет Паша қолбасшылығындағы Османлы флоты Қырым  түбегінің жағалауында орналасқан Теодор кінәздігі мен генуялықтардың Цембало, Солдайа және Каффа порт-қалаларын жаулап алды. Басқаша айтқанда, Османлы мемлекеті Қырымның оңтүстігіне өз ықпалын жүргізе бастады. Осы орайды пайдаланған Меңлі Керей Ыстанбұлға барып, Османлы падишахының билігін мойындап, олардың қолдауын алды. Осының нәтижесінде Меңлі Керей 1476 жылы Нұрдәулет Керейді шешуші шайқаста жеңді. Осы шайқастан кейін ұлы тұлғамыз Қырымды түбегейлі тастап кетуге мәжбүр болды.

1479 жылдан бастап Нұрдәулет Керей Мәскеу кінәзі Иван III Васильевичтің қызметіне кірді. Осы жылдан бастап ол орыс мемлекеттігінің қалыптасуы үшін мәскеуліктердің жорықтарына қатыса бастады. Осы еңбегіне алғыс ретінде Мәскеу кінәзі 1486 жылы Нұрдәулет Керейді Қасым хандығының тағына шығарды. Дәл сол жылы Үлкен Орда ханы Мұртаза хан ұлы тұлғамызды Меңлі Керейге қарсы қолдап, Қырым хандығы тағына шығаруды жоспарлады. Алайда Мәскеу кінәзі өзінің одақтасы Қырым ханы Меңлі Керейге қарсы мұндай жоспардың жүзеге асуына жол бермеді. Керісінше Үлкен Орданы одан сайын әлсірету үшін Нұрдәулет Керей ханды оған қарсы жорыққа жіберді. Ұлы тұлғамыздың Үлкен Орда ханы Ахматтың ұлдарымен болған соғысы 1490 жылға дейін жалғасты. Осы соғыстың салдарынан Сарай қаласы талан болып, халықаралық саудадағы өзінің орнын жоғалтты.

1490 жылдап бастап Нұрдәулет Керей хан саясаттан кетті. Оның орнына ұлы Сатылған Қасым хандығы тағына шықты. Ал ұлы тұлғамыз өмірінің соңғы жылдарында көп ауырды. Ол Қырымды тастап кетсе де елшілер арқылы ағайындарымен хабарласып тұрды. 1498 жылы онымен Меңлі Керейдің елшісі Шауал жолыққан еді. 1502 жылы денсаулығы нашарлаған Нұрдәулет Керей хан 22 Қыркүйек 1503 жылы қайтыс болды. Мүрдесі Меңлі Керейдің өтініші бойынша, Қырым хандығында жерленді.    



Ұқсас жаңалықтар