Қасым Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 14

Қасым Хан

Ұлы далада Түркі өркениетінің құлдырай бастауы Алтын Орданың ыдырауымен тікелей байланысты екендігі айқын. Он алтыншы ғасырдың ортасына келгенде Алтын Орданың мұрасын Мәскеу кінәздігі ие болатындығы белгілі болды. Өйткені Алтын Орда ұсақ хандықтарға ыдырай бастаған он бесінші ғасырдың ортасынан бастап, орыстар тұрақты түрде күшейіп келе жатыр еді. Десе де Мәскеу кінәздігін және кейінірек  қалыптастырған орыс мәдениетінің Түркі өркениетін ығыстыруын Ұлы дала тарихынан оқшау қарастыра алмаймыз. Өйткені Лев Гумилевтің тілімен айтқанда, Ұлы дала мен Ежелгі Русь үнемі ықпалдастықта болатын. Батыс тарихшылары да Ресейдің империя ретінде қалыптасуында далалықтардың әсерін мойындайды. Мысалға «Халықаралық қоғамның эволюциясы» еңбегінің қаламгері Адам Ватсон Ресейдің мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Алтын Орданың орнының жоққа шығарылуы мүмкін еместігін жазады. Алтын Орда мемлекетінде қалыптасқан түркілердің «мемлекет» түсінігі орыстарға он бесінші ғасырдың ортасында Мәскеу кінәздігі мен Қазан хандығының ортасында құрылған Қасым хандығы арқылы өткендігін пайымдасақ қателескен болмаймыз. Олай болса бүгінгі  бағдарламамыздың тақырыбы осы өзі кішкене, бірақ ықпалы зор болған хандықтың құрушысы Қасым хан болып табылады.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1469 жыл. Әкесі Қазан хандығының құрушысы және билеушісі Ұлық Мұхаммед болып табылады. Басқаша айтқанда Қасым ханның балалық шағы әкесінің Алтын Орда тағы барысында соғыс жылдарында өтті. 1436 жылы Ұлық Мұхаммед Алтын Орда тағынан айрылып қалғаннан кейін Қазан қаласына келіп, өзінің дербес мемлекетін құрғандығы белгілі. Қазан хандығының географиялық орналасуына байланысты хандықтың негізгі жауы Мәскеу кінәздігі болды. Ұлық Мұхаммед дәстүр бойынша орыстардың түріктерге салық төлеп тұруын талап етті. 1437 жылы Белёв қаласында болған шайқаста және 1445 жылы Суздаль маңында болған шайқаста жеңген қазандықтарға орыстар салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Осы салық төлеу ісін қадағалау мақсатында Қасым мен оның інісі Жақып Мәскеуге жіберілді. Сол 1445 жылдан бастап Қасым орыс жерінде қалып қойды. Осы кезеңде оның орыс билеушілерімен жақын қарым-қатынасы орнады. 1446 жылы Қасымға Звенигород қаласы, ал 1452 жылы Мещерский қаласы берілді. Басқаша айтқанда, Қасым орыс бояры ретінде орыстарға сіңісе бастады. Ал Мәскеу кінәздігі Қасым ханмен одақтас ретінде оны орыс жеріне шабуыл жасаған басқа түрік хандарына қарсы қолданды. Мысалға 1449 жылы Алтын Орданың территориялық тұтастығы үшін күрес жүргізіп жатқан Үлкен Орда ханы Сейід Ахметтің орыстардан ойсырай жеңілуінің басты себебі Қасым ханның сарбаздары болатын. Ал 1450 жылы Қасым хан жасақтары Руське жорық ұйымдастырған әмірші Меулим-бирды-огланға қарсы шығып, оның орыс жерін жаулауын тоқтатты. Қасым хан тек түркі жұртынан келген қауіп-қатерге ғана емес, сонымен қатар Мәскеу кінәздігінің билігін мойындаудан бас тартып, бүлік шығарған орыс кінәздіктерін де жаныштауға ат салысты. Турасын айтқанда, Қасым хан орыс кінәздіктерінің Мәскеудің айналасына бірігуіне қызмет етті. Бұл кезеңде түріктер Үлкен Орда, Қазан, Қырым, Ноғай Ордасы, Астрахан және Өзбек хандығы болып бірлігі ыдырап, бір-бірімен қырқысып жатқанда, орыс кінәздіктерінің бірігу үдерісі жүріп жатты. Тағы бір қызығы, бұл бірігу үдерісіне түріктердің өздері жағдай жасады. Жалпы Алтын Орда тарихы бойы Жошы ұрпақтары Мәскеу кінәздігінің күшеюін қолдау арқылы орыстардың бірігуіне мұрындық болды. Ал Қасым хан болса осы үдерісті аяқтады. Нәтижеде Мәскеу кінәздігі Ұлы дала империясының мұрагеріне айналды. Ең өкініштісі, Николай Карамзин бастаған орыс тарихшылары түріктердің орыс мемлекеттілігіне жасаған бұл еңбегін ұмытып, керісінше «Татар езгісі» деген ұғым енгізді.

Қасым хан мен Мәскеу кінәздігінің қарым-қатынасына қарағанда, кінәз Вастлий ІІ Қасым ханды өзінің саясаты үшін тиімді қолданды. 1467 жылы Қазан ханы Ұлық Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін Қасым хан Қазан тағына талас бастады. Осы тақ таласында орыстар Қасымды қолдады. Өйткені егер Қасым хан Қазан тағына шықса, онда орыстардың ықпалы ол жерге де жайылар еді. Бірақ Қасым хан ағасы Ибрахиммен болған шайқаста жеңіліп қалды. Осы жылдан бастап, Қасым хан өзінің қарамағындағы жерлерге дербес билік жүргізе бастады. Басқаша айтқанда, осы кезден бастап тарихтағы Қасым хандығы қалыптасқан болды.

Қасым хан бұл мемлекетті құрған болса да, Қасым хандығының тағында Жошының басқа ұрпақтары да отырды. Мысалға Қырым ханы Қажы Керейдің ұлы Нұрдәулет, Үлкен Орда ханы Шейх Әулияр, Қазақ ханы Ораз Мұхаммед және Сібір хандығының өкілдері Қасым хандығын биледі. Хандықтың ең соңғы билеушісі Фатима Сұлтан Бегім болды. Он алтыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап, хандықта христиандану үдерісі жаппай жүргізіле бастады. Осыған байланысты мұсылман түріктер басқа хандықтарға көшуге мәжбүр болды. Ал христиан дінін қабылдаған түріктер Ресей империясының элитасына айналды. 1683 жылы Қасым хандығының билеушісі Сеид-Бурхан «Василий» атын алып шоқынғаннан кейін Қасым хандығы жойылған болды. Бүгін Ресей Федерациясындағы мишар татарлары, Касимов татарлары және мордвалар Қасым хандығы кезінде қалыптасқан этникалық топтар болып есептеледі.

Қорыта айтқанда, ұлы тұлғамыз Қасым хан түріктер мен орыстардың ықпалдастығында маңызды рол ойнады. Осы маңыздылығының көрсеткіші ретінде Ресейдің Рязань облысында оның атында Касимов ауданы және Касимов қаласы бар.



Ұқсас жаңалықтар