Махмут Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 12

Махмут Хан

Алтын Орда мұрагерлерінің арасында бірнеше хандық он бесінші ғасырдың ортасынан бастап маңызды рол ойнай бастады. Бұл хандықтардың барлығы өздерін Ұлы дала империясының мұрагері ретінде санады. Бұл жас мемлекеттердің күштері бір-бірімен шамалас болғандықтан олардың ешқайсысы басқаларынан суырылып шығып, Алтын Орданы қалпына келтіре алмады. Жайықтың шығысындағы Ақ Орданың жалғасы Қазақ хандығы мен Өзбек хандығын айтпағанда, Ұлы даланың батысында Қазан хандығы, Қырым хандығы, Ноғай Ордасы, Үлкен Орда, Астрахан хандығы мен Мәскеу княздігі арасында Алтын Орданың мұрасына талас жүріп жатты. Осы хандықтардың арасында бүгін Астрахан хандығын қарастырамыз. Дәлірек айтқанда осы хандықтың негізін қалаушысы Махмут хан туралы әңгіме қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туылғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1471 жыл. Ата тегіне келетін болсақ, әкесі Кіші Мұхаммед Жошының он үшінші баласы Тоқа Темірден тарайды. Тоқтамыс хан пен Әмір Темірдің соғыстарынан кейін Махмуттың аталары Жайық пен Дон өзендерінің ортасы және солтүстік Кавказға ие болып қалады. Бұл жердегі кейін Ноғай атын алған маңғыттардың және олардың билері Едігенің ұлы тұлғамыздың аталарын қолдауына қарағанда, жалпы халық Тоқа Темірдің ұрпақтарын Алтын Орда тағына лайық деп есептегенін байқаймыз. Едіге Би қайтыс болғаннан кейін оның балалары Мансұр би мен Наурыз би де Кіші Мұхаммедтің Алтын Орда тағына күресінде оған қолдау көрсетті. Кіші Мұхаммед шығыста Ақ Орда ханы Барақпен, батыста Қырым хандары Дәулет Керей, Сейід Ахмет және Қажы Кереймен, ал солтүстікте Қазан ханы Ұлы Мұхаммедпен соғысып өтті. Бұл соғыстарға ұлы тұлғамыз Махмут та белсенді араласты. Мысалға 1437 жылы шығыстан шабуыл жасаған Әбілхайыр ханға қарсы Махмут және оның інісі Ахмат қол бастап барады. Ақырында осы соғыстардың нәтижесінде Алтын Орда тағына Сейід Ахмет ханның шыққандығы, бірақ оның билігінің басқа хандар тарапынан мойындалмағандықтан Ұлы дала империясының астанасы Сарай Берке мен оның айналасының Үлкен Орда деп атала бастағаны белгілі. 1455 жылы Сейід Ахмет хан Қырым ханы Қажы Керейден жеңіліп, Литваға қашуға мәжбүр болғанда, Үлкен Орда тағына Кіші Мұхаммед шығады. Ал 1459 жылы Кіші Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін Үлкен Орда тағына ұлы тұлғамыз Махмут шығады.

Махмут ханның таққа шығуын тарихшылар ішкі талассыз болды деп жазады. Оның билігін інісі Ахмат та мойындайды. Махмут хан Еділ мен Донның маңын билегенде, інісі Солтүстік Кавказды билейді. Осы кезеңде бұл жерлерде болған венециялық саудагер Контарини бұл өңірдің екі ағайындының қарамағында болғандығын және олардың жазда орыс жерлеріне дейін солтүстікте болатындықтарын, ал қыста Астрахан маңын қыстайтындықтарын жазып қалдырған.

Махмут хан солтүстікте Қазан хандығымен, батыста Қырым хандығымен соғыс жүргізеді. Алтын Орда хандарының дәстүріне сай орыстарды бағындыруға тырысады. 1465 жылы Махмут хан орыс жерлеріне жорықтан қайтып келе жатқанда, Дон өзенінен өте берісте Қырым ханы Қажы Керейдің қолымен қарсыласады. Сол шайқаста Махмут хан жеңіліп, Астрахан қаласына шегінеді. Қажы Керей хан болса Үлкен Орданы қолға түсіруге дайын болады. Алайда Қажы Керейдің кенеттен қайтыс болуы Қырым хандығында тақ таласын тудырады. Осыған байланысты Қырым қолы Үлкен Ордаға шабуыл жасай алмай қалады. Бұл жағдай Махмут ханның Үлкен Ордаға оралуына ыңғайлы еді. Бірақ та ұлы тұлғамыздың інісі Ахмат орайды пайдаланып, Үлкен Ордаға келіп өзін хан деп жариялайды. Қырым ханымен соғыста әбден әлсіреген Махмут хан Үлкен Орда тағы үшін інісімен таласқа түспей, Астраханда өзінің дербес хандығын құрады.

Негізгі аты Қажытархан болған Астрахан қаласы Алтын Орданың басты қалаларының бірі еді. Қала сонау Түркі қағанаты мен Хазар қағанаты кезеңінде  бар болса да, негізгі дамуы Алтын Орда мемлекетінің қалыптасуынан кейін болды. Тарихшылар Алтын Орданың Ислам дінін қабылдауымен қаланың да көркейе бастағандығын жазады. Ибн Батутаның оныншы ғасырда жазған саяхатнамасында, Алтын Орда билеушілерінен бір тарханның осы жерді бір қажыға бергендігі айтылады. Тархан атағының Ұлы ғұндар мен Көк түріктер заманынан бері түріктер тарапынан қолданылатындығы белгілі. Археологиялық қазбалар барысында Алтын Орданың көптеген теңгелерінің соғылған жері ретінде «Хажы тархан» деген жазулардың кездесетіндігі байқалған. Уақыт өте келе қаланың аты алдымен Әжітархан, Аштархан ақырында Астрахан болып өзгерген.   

Махмут хан Астрахан қаласында өз туын көтергеннен кейін қала одан сайын дами бастады. Бұл жердің стратегиялық орналасуымен байланысты хандық Хорезм, Бұқара, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы, Ноғай Ордасы, Қырым хандығы, Қазан хандығы тіпті Иранмен де сауда-саттық қатынас орнатты. Хандық Еділ және Ока өзендері арқылы Мәскеу княздігімен де сауда жасады.  Махмут ханның 10 Сәуір 1466 жылы Османлы падишахы Фатих Сұлтан Мехметке хат жазып, оған одақ құруды ұсынғандығы белгілі.

Қорыта айтқанда, Махмут ханның кезінде Астрахан хандығы дербес мемлекет ретінде қалыптасып, көршілерімен бейбіт қарым-қатынас орнатты. 1471 жылы Махмут хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлы Қасым отырды. Қасым хан да әкесінің саясатын жалғастырды. Осылайша Астарахан хандығы Алтын Орданың маңызды мұрагерлерінің қатарында трихтағы орнын алды.



Ұқсас жаңалықтар