Қажы Керей Хан

Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 11

Қажы Керей Хан

Қырым түбегі Алтын Орда мемлекеті тарихы мен Түркі өркениетінде әрқашан маңызды рол ойнаған еді. Қырымның порт қалалары Ұлы дала империясының христиан әлемі және Мысыр мен Османлы секілді мұсылман елдерімен саудасында маңызды орынға ие болатын. Осы маңызды экономикалық және стратегиялық орналасуына байланысты Алтын Орданың ыдырауы барысында Қырым өз алдына дербес мемлекет ретінде қалыптасты. Хандықтың қалыптасуына көптеген тарихи тұлғалар үлес қосты. Олай болса бүгінгі әңгімеміз Қырым хандығының негізін қалаған Қажы Керей туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз шамамен 1397 жылы туылып, 1466 жылы қайтыс болған. Қажы Керейдің ата тегі туралы екі түрлі пікір бар. Бірінші пікірге сай, Қажы Керей өз шежіресін Жошының он үшінші ұлы Тоқатемірден таратады. Тарихи деректерге сәйкес, Алтын Орда ханы Мәңгітемір Тоқатемірдің ұлы Ұрантемірге Қырымды береді. Осыдан бастап Тоқатемірдің ұрпақтары түбекті өз еншісі ретінде билейді. Алтын Орда әлсіреген кезінде Қажы Керейдің атасы Тас Темір 1395 жылы Қырымда өзін хан деп жариялайды. Бірақ Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның соғысы кезінде Тас Темір әулетімен бірге Литваға көшуге мәжбүр болады. Осыған қарағанда Тас Темір Тоқтамыс ханның жағында болған ұқсайды. Тас Темірдің Ғияседдин және Дәулетберді деген балалары Алтын Орда тағы үшін күресіп өтеді. Ұлы тұлғамыз Тас Темірдің үлкен ұлы Ғияседдиннен тарайды. Қажы Керей сол кездегі жағдайға байланысты Литваның Лиде қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Ғияседдин мен көкесі Дәулетберді Алтын Орданың атақты биі Едігеге қарсы тоқтаусыз соғыс жүргізеді. Осы соғыстардың бірінде ұлы тұлғамыздың әкесі қайтыс болады. Аңызға сүйенсек, Ғияседдиннің қызметшісі жас ханзаданы әрең дегенде шайқас алаңынан алып шығып өмірін сақтап қалады. Ғияседдин қайтыс болғаннан кейін оның інісі Дәулетберді Қырымның ханы ретінде әрекет етеді. Дәулетберді Едіге би қайтыс болғаннан кейін 1419 жылдан 1421 жылға дейін және 1428 жылы Сарай Беркеге дейін өз билігін кеңейтеді. Алайда Қырым ханы Ақ Орда билеушісі Барақпен болған шайқаста одан жеңіліп, Алтын Орда саясатынан ысырылып қалады. Осыдан кейін барып тарих сахнасына Қажы Керей шығады.

Ұлы тұлғамыздың ата тегі туралы екінші пікірге сай, Қажы Керей Шыңғыс хан тұқымы болып саналмайды. Бұл жерде тарихшылар Қырым хандарының «керей» болып аталуын ескере отырып, оның Шыңғыс хан кезіндегі Керей ханы Тоғрылдан тарайды деп есептейді. Кейбір деректерде Оң хан ретінде де аталтын Керей ханы Шыңғыс ханды қолдаған алғашқы рубасылардың бірі болатын. Тіпті кейбір тарихшылар Көк Түріктер мен Шыңғыс хан арасында Ұлы далада билік керейлердің қолында болғандығын жазады. Осыған қарағанда, Шыңғыс хан империясында да керейлердің беделді болғандығын байқаймыз. Кейіннен «Ұлы қаған» атағын алған Мәңгі, Құбылай және Қытайды билеген оның ұрпақтары Тоғрыл ханның Төлеге тиген Сорқақтани Бегімнен тарайды. Сонымен қатар Елхандар мемлекетіндегі Құлағу ханның бәйбішесі Тоғыз қатын да Тоғрыл ханның ұрпағы болатын. Тарихшылардың болжамына қарағанда, Тоғрыл ханның ұлдары Батудың батысқа жасаған жорығына қатысып, ақырында Алтын Орда мемлекетінің қалыптасуына үлес қосады. Ал Ұлы дала империясы ыдырай бастағанда, Қырым түбегіне ие болып қалады.

Ұлы тұлғамыз көкесі Дәулетбердінің жолымен 1428 жылдан бастап Ұлы Мұхаммед, Кіші Мұхаммед және Сейідахмет сияқты Алтын Орда тағына талас жүргізіп жатқан тұлғаларға қарсы соғыс бастады. Алайда алғашқы соғыстары сәтсіз болып, Қажы Керей Литваға шегінуге мәжбүр болды. 1434 жылы Ұлы Мұхаммедпен болған шайқаста тағы да жеңілген Қажы Керей Литваны паналады. Ұлы тұлғамыздың қарсыластары оның Литвадан қайтпауы үшін Литва билеушілерімен келіссөз жүргізді. Сондықтан Қажы Керей 1440 жылға дейін Литвада құрметті тұтқында болды. Бірақ 1440 жылы Ұлы Мұхаммед, Кіші Мұхаммед және Сейітахметтің арасындағы соғыстардан әбден шаршаған Қырым билері Литваға елші жіберіп, Қажы Керейді босатуын өтінді. Осы орайды Алтын Ордадағы өз ықпалын арттыру үшін пайдаланғысы келген Литва билеушісі Казимир Қажы Керейге Литвада тұрып жатқан татарлардан жаңа қол жасақтап, оны Қырымға жібереді. 1441 жылы наурыз айында Қажы Керей Қырым хандығы тағына салтанатты түрде шығады. Осы жылдан бастап ұлы тұлғамыз өз атынан теңге соқтыра бастайды. Бұдан кейінгі тарихта Қажы Керей Үлкен Орда ханы Сейідахметпен соғысып өтеді. Ақырында Қажы Керейдің 1452 жылы Сейідахметті ойсырата жеңуі Қырымның Алтын Ордадан тәуелсіздігін алды деген мағынаны білдіреді. Ал 1465 жылы Қажы Керейдің Үлкен Орда ханы Махмутты жеңуі Алтын Орданың ұсақ хандықтарға түбегейлі бөлінгендігінің белгісі болды.

Қырым хандығы Османлы мемлекетімен де тығыз қарым-қатынаста болды. Алғаш рет 1454 жылы Демир Кахяның қолбасшылығындағы Османлы флоты Қырым түбегіндегі генуялықтардың порттарына шабуыл жасау үшін келді. Демир Кахямен келіссөздер жүргізген Қажы Керей генуялықтардың қалаларын қираудан сақтап қалды. Бірақ бұдан кейінгі кезеңде Османлының түбектегі ықпалы артып, ақырында Қырым Османлы еліне бағынышты болды.

Қырым хандығының негізін қалаған Қажы Керей өз ордасын Қырым қаласынан Қырық-ер қаласына көшірді. Ел арасында ұлы тұлғамыздың беделінің жоғары болғандығы соншалық, оған халық «Мелек» яғни «періште» деген атақ берді. 1466  жылы қайтыс болған Қажы Керей Бақшасарайдың Салашық деген жеріне жерленді.



Ұқсас жаңалықтар