Будашири Ұлы Патшайым

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 25

Будашири Ұлы Патшайым

Жалпы Түркі өркениетінде және әсіресе Шыңғыс хан империясында және оның мұрагерлерінде текті әйелдердің орны жоғары болғандығы мәлім. Тарихи деректер Шыңғысханның әйелі Бөрте, Төленің әйелі Сұрқақтани Бегім, Елхандар мемлекетінен Тоғыз қатынның маңызды істерін баяндайды. Сол секілді Юан әулетінде де сарайдағы әйелдердің ықпалы зор болған еді. 1332 жылы Ту Темір Қаған қайтыс боларында, өзінен кейін таққа баласы емес, ағасы Құтықты Күшаланың балаларының шығуын өсиет қылып кетті. Бұның себебі Ту Темірдің орнында негізі ағасы және Қайсан Күліктің бірінші ұлы Күшала шығуы керек еді. Оның үстіне Құтықты Күшаланы даладағы Шыңғыс ұрпақтарының барлығы қолдап, 1329 жылы Ұлы қаған болып сайлаған еді. Алайда Ту Темірдің таққа шығуына мүдделі болған топтар Құтықты Күшаланы улап өлтірген еді. Енді міне өлімінің алдында тәубесіне келген Ту Темір Құтықты Күшаланың балаларының таққа шығуын қалады. Ұлы қағанның бұл өсиетінің орындалуында қағанның әйелі Будашири ханым маңызды рол ойнады. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Юан әулетінің құлауынан бұрынғы кезеңдегі ең ықпалды әйел билеуші Будашири қатын туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыздың аты - Будашири. Бірақ кейбір ғалымдар оның түрікше аты Путашали болғандығын айтады. Ту Темірдің Будаширимен қашан үйленгені белгілі емес. Бірақ та 1328 жылы Ту Темір таққа шыққанында оған «патшайым» деген атақ берілген болатын. Оның үстіне Будаширидің жалпы Шыңғыс ұрпақтары арасында және Юан әулетінде белсенді қоңырат руынан болуы оның ықпалын арттырған еді. Будаширидің әкесі қоңыраттардың билігінде болған Лу провинциясының әкімі Дивабала еді. Ал шешесі Сенге Раги ханым болатын. Бір қызығы Сенге Раги ханым Құбылайдың немересі Дармабала мен атақты Дарги ханымның қызы еді. Дармабаланың Күлік Қайсан ханның әкесі болғандығын ескерсек, Будашири Ту Темірге жиеннен туған жиеншар болып шығады. Бұл жерден қоңыраттар мен Шыңғыс ұрпақтарының қаншалықты етене жақын араласқандығын байқауға болады.

Будаширидің нағашы әжесі Дарги немесе Тәжі секілді саясатта өте белсенді рол ойнағандығы белгілі. Ол қолынан келгенінше Құтықты Күшаланың балаларын биліктен алыстатуға тырысты. Өйткені Ту Темірдің таққа қандай айламен шыққандығы белгілі еді. Ту Темірдің билігі әлсіреген сәтте немесе оның кенеттен қайтыс болғанында оның орнына Құтықты Күшаланың балаларының келуі өте жоғары ықтимал еді. Осы себепке байланысты Будашири ханым Құтықты Күшаланың әйелдері мен балаларын қудалай бастады.

Құтықты Күшала ханның екі әйелі бар еді. Біріншісі Шыңғыс ханның атақты кеңесшісі қарлұқ Арсланның ұрпағы Майлайти болатын. Күшаланың Майлайтиден туған ұлы Тоған Темірдің Ту Темірдің ұлдарымен бірге таққа таласпауы үшін Будашири ханым оның шешесін өлтіртіп, өзін Кореяға жер аударып жіберген еді. Құтықты Күшаланың екінші әйелі найман Бабуша болатын. Бабуша бәлкім түрікше Бибіше немесе Бәйбіше дегеннің қытайласқан нұсқасы болуы мүмкін. Бабушаның ұлы Ереншібала әлі жас еді. Алайда Будашири Бабушаны да бүлік шығарады деген жаламен өлтірткен болатын.

Ту Темірдің Будашириден туған үш ұлы бар еді. 1330 жылы Ту Темір үлкен той жасап, ұлы Аратнадараны тақ мұрагері деп жариялады. Алайда Аратнадара тақ мұрагері болып жарияланғаннан бір айдан кейін қайтыс болды. Енді Ту Темір екінші ұлы Күлатананы тақ мұрагері деп жариялады. Бірақ ол да жастайынан қайтыс болып кетті. Осы өлімдерден кейін Ту Темір тәубесіне келіп, үшінші ұлы Ел Тегісті тақ мұрагері деп жарияламай, тақты Құтықты Күшаланың балаларына беруді өсиет қылып қалдырды.

Будашири Ту Темір қағанның өсиетін орындау үшін қолынан келгенін жасады. Бірақ Құтықты Күшаланың өліміне жауапты бас уәзір Ел Темір марқұм ханның өсиетінің орындалуына кедергі болуға тырысты. Ел Темір алдымен Будашириден үшінші ұлы Ел Тегісті хан қылып жариялауын талап етті. Бірақ Будашири Ту Темір ханның өсиетін орындауға бекем еді. Осыдан кейін Ел Темір Құтықты Күшаланың ересек ұлы Тоған Темірдің емес, алты жасар Ереншібаланың император болуын ұсынды. Бұған Будашири амалсыз келісті. Сонымен алты жасар Ереншібала 23 қазан 1332 жылы император болып жарияланды. Ал Будашири ханымға «Ұлы патшайым» деген атақ берілді. Алайда арадан екі ай  өтпей, 14 желтоқсан  1332 жылы Ереншібала да қайтыс болып кетті. Енді бас уәзір Ел Темір тағы да Ел Тегістің таққа шығуын талап ете бастады. Бірақ бұл жолы да Будашири Ұлы Патшайым оның талабын орындамай, 1333 жылы он үш жасар Тоған Темірді император деп жариялады. Будашири Тоған Темірдің жетілуіне және оның күшеюіне қолынан келген қолдауын көрсетті. Осыған байланысты 1336 жылы  Будашири «Аса Ұлы Патшайым» мәртебесіне жоғарылады.

Будашири 1340 жылы отыз үш жасында қайтыс болғанға дейін «Аса Ұлы Патшайым» ретінде қызмет етті. Басқаша айтқанда Тоған Темірдің ер жетіп билікті өз қолына алғанға дейін Қытай елін Будашири патшайым биледі. Қорыта айтқанда Будашири тек Ту Темір ханның өсиетін орындап қана қойған жоқ, «ағаның орнын інісі басады» деген далалық мемлекеттік басқару дәстүрін де орындаған болды. Осы тұрғыдан қарағанда Қытайды билеген көшпенділердің арасында ең аз қытайланған Юан әулет десек, мұнда қоңыраттардың елеулі үлесі бар екендігін Будашири ханым тағы да дәлелдеп өтті.   



Ұқсас жаңалықтар