Ғұлама Халифа Алтайдың Өмірі және Шығармашылығы

Тарих айдынында - 24

Ғұлама Халифа Алтайдың Өмірі және Шығармашылығы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда 1988 жылы Ыстамбұлда исламның қасиетті кітабы Құранның тарихта тұңғыш рет қазақ тілінде т.сіндірмесін дайындап, халқының дінін толық түсінуі барысында ұлы қызметтің бірін жасаған Халифа Алтайға тоқталмақпыз. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін кідірместен атамекеніне де ат басын бұрған Алтай 74 жылы бойы Кеңестік дәуірде Құдайдан бездірілуге тырысылған елінің діни сенім-нанымдарын қалпына келтіруге бар күшін аямай салды. 2003 жылы Алматыда панидан бақиға өткенге дейін қазақ халқының дәстүрлі мұсылманшылығын үйреніп құлшылық ғибадаттарын орынсыз сенімдерден және әсіре діншіл ағымдардан ада түрде орындауы жолында қажымай еңбек етті. Сөйтіп атамекенде туған халқының ыстық-ілтипатына да бөленген ғұлама Халифа Алтай туралы әңгімелемекпіз.

Халифа Алтай тек діни ғұлама емес, сонымен қатар ол этнограф, тарихшы және ақын да. 1953-1992 жылдары Түркияда болған кезінде қазақтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты бір қатар кітаптар жарыққа шығарды. Сонымен қатар өлең кітаптары да халықтың көңілінен шықты. Осынау баға жетпес құнды еңбектері, сөзімен үйлесімді жоғары адамгершілігі, отан сүйгіштігімен халқының қалаулысы болған Халифа Алтай 2017 жылы туғанына 100 жыл толуына байланысты Қазақстан, Түркия және Еуропа елдерінде бір қатар ғылыми және қоғамдық іс-шаралармен еске алынды. Аруағына Құран хатымдар түсіріліп, дұғалар бағышталды.

Халифа Алтай 1917 жылы Қытайдағы Алтай өлкесінің Шіңгіл ауданында Ғақып бен Мәликенің отбасында өмірге келді. Сауатын Мағауия Исабай мен Ахмет Әли Жайсанбайұлынан ашқан Алтай 16 жастан бастап ауылда молда болып бала оқыта бастады. 1930 жылдардың аяғында аласапарын жағдайлар пайда болып, ауылдастарымен бірге Тибет арқылы 1941 жылы Үндістанға босуға мәжбүр болды. 12 жыл Үндістан мен Пәкістанда өмір сүрген кезде  оқуын жалғастырып, бір қатар ғұламалардан сабақ алды. 1951 жылы Пәкістанда құрылған “Шарки Түркістан қазақ босқындар қоғамының” құрылтайшысы және бас хатшысы қызметін атқарды. Осы қоғам арқылы Халифа Алтай 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшуін ұйымдастырушылардың бірі ретінде халыққа игілігін тигізді.

Алтай Түркиядағы өмірін жалпы қазақтарды түріктерге танытуға, жас ұрпақтарға қазақтық ата-тегін және көш тарихын ұмытпауына арнады. Оның 1977 жылы Ыстамбұлда түрік тілінде жарық көрген шағын еңбегі “Қазақ түркілерінің шежіресі” деп аталады. Алтай 1980 жылы Ыстамбұлда төте әріппен қазақ тілінде “Құран жолы және иманның шарттары” атты кітабын жарыққа шығарды.  Тағы сол жылы Алтай қазақ тілінде және өлең ретінде Түркиялық қазақтардың көш тарихын “Естеліктерім” деген атпен жариялады.

Түріктерге қазақтардың тарихы мен мәдениетін таныстырған көлемді кітабы 1981 жылы Анкарада Түркия Мәдениет Министрлігінің басылымдары арасында жарық көрді. “Атажұрттан Анатолияға” деп аталған еңбек 1994 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының “Алаш сыйлығын” иеленді.

Алтайдың ғұмырындағы ең мәнді еңбегі Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен және ғұлама Дәлелхан Жаналтаймен тізе қоса отырып жазған исламның қасиетті кітабы Құранның қазақ тіліндегі түсіндірмесі болды. 1988 жылы Ыстамбұлда жарық көрген бұл еңбек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қайта-қайта басылып, қазақ халқының ислам жөніндегі түсінігінің кәмелденуіне қызмет етті. Сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Халифа Алтайдың Түркияда түрік тілінде шыққан барлық еңбектері қазақ тіліне аударылып, һәм толықтырылып, Алматыда қайта басылғанын айта кеткен жөн.

1993 жылы атамекенге отбасымен бір жолата қоныс аударған Халифа Алтай тағы да көптеген діни еңбектерін жарыққа шығарды. Сонымен қатар Қазақстанды қала қала аралап мешіттерде, залдарда сөз сөйлеп халықты имандылыққа шақырды, Аллаға құлшылыққа уағыздады. Сол кездерде Қазақстанға христиан дінін уағыздаушы миссионерлер қаптап, халықтың мұсылманшылықтан басқа діндерге тартуда еді. Бұл тұрғыдан Қазақстанда өзінің діни қызметкерлері толық жетілмеген сол тұста Халифа Алтайдың бұл қызметі баға жетпес құндылыққа ие екенін айтпаса да түсінікті. Алтайдың қызметі мұнымен де шектелмеді. Сол уақытта халықты дәстүрлі қазақ мұсылманшылығынан шатастырмау да маңызды еді. Өйткені елге әсіре діни ағымдарды уағыздаушылар да көбейіп кеткен еді. Алтай өзінің айтқан уағыздарында Уаһабизм, Салафизм сынды әсіре ағымдардың зиянды жақтарын ашып айтып, олардан сақ болуға ескертулер жасады.

Бұл еңбектерін халық та, мемлекет те жоғары бағалады. 2001 жылы Қазақстанның тәуелсіздігінің 10 жылдық іс-шаралары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Халифа Алтайды ұлттық мәдениетке сіңірген ерен енбегі үшін алтын медальмен марапаттады.

Сөйтіп Халифа Алтай Қазақстанда ақырғы демі таусылғанша еліне діни және мәдени салада қызмет етті. Осы орайда «инабат» атты қордың да құрметті төрағалығын атқаруда еді. 2003 жылы 15 тамыз күні дүниеден қайтты. Мемлекеттік рәсіммен Алматыда Кеңсай зиратына жерленді. Оның жаназасына Қазақстанның алда келген саясат және қоғам қайраткерлерімен қатар зиялы қауым өкілдері және өнер қайраткері мен қалың көпшілік қатынасты.

Халифа Алтайдың қазасына байланысты Қазақстан Мұсылмандарының Діни Басқармасы өзінің ресми сайтында оның өмірі туралы қысқа мәлімет бергеннен кейін былай деді:

“Халифа Алтай мұсылман қауымына аса көрнекті дін қайреткері ретінде кеңінен танымал. Ол ислам дінін уағыздауды, мұсылмандардың асыл қазыналарын насихаттауды өзінің басты мақсаты еткен жан.  “Кұран Кәрім” мағынасын қазақшаға аударып, қасиетті кітаптың қазақтар арасында кеңінен таралуына көп күш-жігер жұмсады. Бұдан басқа оның қаламынан “Гибадатүл ислам”, “Құран әліппесі және иманның шарттары”, “Шариғат”, “Иманшарт”, “Ғылымхал” т.б. кітаптар туған. “Құран Кәрімнен” басқа “Хазірет Пайғамбар Ғалайхиссаламның өмірбаяны”, “Таңдаулы Хадистер”, “Қысқаша ислам Тарихы” кітаптарын қазақшаға аударған.

Атажұртқа біржолата қайтып оралғаннан кейін ол елімізде имандылық қағидаларын насихаттауға белсене айналысты, халқымыздың қасиетті ислам дініне деген ынта-ықыласын қайта жаңғыртып, сәулелендіруге қажымас күш жұмсады. Қазақ радиосы мен теледидары арқылы жоғарыдағы тақырыпта тартымды да мазмұнды әңгімелер өткізіп жүрді, жұртшылықпен, әсіресе жастармен кездесуге айрықша мән беретін.

Халифа Алтайдың дін қайреткері ретінде еңбегі елімізде жоғары бағаланады.

Қазақтың белгілі перзенті, жайсаң азаматы дүниеден өтті. Жатқан жеріңіз әманда жарық болсын, қадірменді Халеке!”

Сұхбатымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алтай отбасына жіберген көңіл айту хатымен аяқтаймыз:

“Халифа Алтай ақсақалдың өмірден озуына байланысты көңіл айтуымды қабыл алыңыздар. Ол еліміз жаңадан тәуелсіздік алып, қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан тұста, халқымыздың рухани жан дүниесінің тазара түсуіне, жүректеріне имандылық ұйытуына үлкен үлес қосты. Елі мен халқын аңсап, ата мекеніне оралып, тәуелсіз отанының көркею қадамдарын көзімен көріп барып көзін жұмуы да тебірентпей қоймайды. Ол жан жүрегі ерекше таза, аса тақуа жан еді. Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын. Жаратушымыз артындағы ұрпағына амандық пен береке берсін.”

Әбдіуақап Қара

тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар