Есен Темір Ұлы Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар-23

Есен Темір Ұлы Қаған

Юан әулетінің императоры Шидібала Кеген ханның қайтыс болуымен Құбылайдың екінші немересі Дармабаланың ұрпақтарының дәурені біткен болды. Енді Жынжиңнің бірінші ұлы Құбылайдың бірінші немересі Камаланың ұрпақтарының күні туды. Расында Жынжиң ханның кезінде Камала тақ мұрагері болып тағайындалған еді. Осыған байланысты оған «жинуң» деген атақ берілген еді. «Жинуң» сөзінің екі мағынасы бар болуы мүмкін. Біріншісі, Юан әулетінен бұрын Қытайды Жин әулеті билегендіктен, «Жинуң» сөзі қытайша «Жин уаң» яғни «Жин патшасы» дегеннен келуі мүмкін. Екінші болжам болса, «жинуң» сөзінің қытайша «чин уаң» яғни ханзада мағынасын беруі мүмкін деген болжам. Камаланың Шыңғыс хан кесенесіне қызмет еткендігіне байланысты, уақыт өте келе «жинуң» атағы қасиетті жерлерге қызмет ететін адамды білдіретін болды. Қысқасы, Камала жинуң атағын алғаш алған адам еді. Бірақ Жынжиң хан қайтыс болғаннан кейінгі таққа таласта Камала екінші інісі Олжайту Темірден жеңіліп қалды. Алайда «жинуң» атағы Камалада қала берді. 1302 жылы Камала қайтыс болғанда, оның ұлы Есен Темір «жинуң» атағын алды. Олжайту Темір ханнан кейін Жинуңның екінші баласы Дармабаланың ұрпақтары Күлік хан, Буянту хан билік құрды. 1323 жылы Буянту ханның мұрагері Шидібала Кеген хан қастандықпен өлтірілгеннен кейін бүлікті шығарған Текші билікті Есен Темірге берді. Осылайша Камаланың ұрпағы Есен Темір Юан тағына шықты. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Есен Темір Ұлы Қаған болмақ.

Ұлы тұлғамыз 28 Қараша 1293 жылы туылып, 15 Тамыз 1328 жылы қайтыс болды. Туылып өскен жері Моңғолия еді. Осы тұрғыдан өзінен бұрынғы төртінші буын Юан билеушілерінен өзгеше еді. Өйткені өзінен бұрын тақта отырған Буянту мен Кеген қағандар кең далада емес, Қытайдың қалаларында туып өскен болатын.

Ұлы тұлғамыздың толық аты Есен Темір. Ал оған қытайлардың берген аты Тай диң император. Әкесі жоғарыда атап өткеніміздей Құбылай қағанның Жынжиңнен туған тұңғыш немересі Камала болатын. Шешесі болса тек Юан әулетінде ғана емес, бүкіл Шыңғыс ұрпақтары үшін сыйлы ру болып саналатын Қоңырат елінің қызы Буян Келміш еді.

Камала және оның ұлы Есен Темірдің Қытайдағы саясаттан ұзақ тұруы, далалық дәстүр бойынша өмір сүрулері және әсіресе Шыңғыс ханға арналып салынған ғибадатханада қызмет етуі олардың моңғолдар арасындағы абыройын арттырды. Камаланың ұлына мұра болып қалған «жинуң» атағы уақыт өте келе қара шаңырақ иесі деген мағынаға ие болған болса керек.  Расында Есен Темір тек Камаланың қара шаңырағында отырған жоқ еді. Камала өз кезегінде әкесі Жынжиң хан мен атасы Құбылай ханның қара шаңырағын мирас қылып алған еді. Тіпті Құбылай ханның ордасының Шыңғыс ханның кенжесі Төленің қара шаңырағы екендігін ойласақ, онда Есен Темірдің шаңырағы Шыңғыс хан ұрпақтары үшін қара шаңырақ болып саналады. Кезінде Шыңғыс ханның Жошы, Шағатай, Үгедей ұлдары шар тарапқа тарап кеткенде, Төле әкесінің қара шаңырағына ие болып қалған еді. Ал одан кейін Төленің ұрпақтары Құлағу мен Арық Бөке де еншілерін алып кеткенде қарашаңырақта Мәңгі қаған қалған еді. Мәңгінің орнына інісі Құбылай өтті. Ал Құбылай ханның жалғыз баласы Жынжиңнің шаңырағы болса Камалаға өтті.

Қытайдағы қытайлану саясаты қолдаушылары мен далалық дәстүр қолдаушыларының арасындағы текетірес Текшенің Кеген қағанды өлітіруімен біткен еді. Билікті қолға түсірген Текше таққа Шыңғыс ұрпақтарынан біреуін отырғызуы керек еді. Сол үшін даладағы Есен Темірді Қытайға шақырады. Бұл кезде Есен Темірдің қарамағында қалың қолы бар еді. Енді бір жағынан көтерілісті ұйымдастырған қоңыраттар болғандықтан, Есен Темірдің нағашысының қоңырат болуы да әсер еткен болуы мүмкін.

Есен Темірдің Кеген Ханның өліміне қатысы болып болмағандығы туралы әр түрлі пікірлер бар. Миң әулеті кезінде жазылған ресми Юан тарихының мәліметіне қарағанда Есен Темір Текшенің ұйымдастырған бүлігінен хабардар болғандығы және оның алдын алу үшін Кеген ханға хабаршы жібергендігі, бірақ хабаршының кеш қалғандығы туралы айтылады.

Тұлғамыздың Юан тағына шығу салтанаты 4 Қазан 1323 жылы Керулен өзенінің жағасында болады. Текше мен оның одақтастары мансапқа келеміз деп есептеп тұрғанда Есен Темір әскер жіберіп бүлікшілерді өлтіртеді. Бүлікке қатысы бар  бес төрені Қытайдың Юннан, Хайнан деген шалғай жерлеріне жер аударып жібереді. Конфуций ұстаздары қудалаудың соңына дейін жалғасуын талап етсе де, Ұлы қаған кешірім жариялап, бүлікшілердің мал-мүлкін қайтарып береді.

Есен Темір Конфуций ілімін ұстанушыларға құрмет көрсетеді. Басқаша айтқанда Есен Темір далалықтардың дін жөніндегі кеңпейілдігін қайта орнатты. Әсіресе, Ислам дінінің мәртебесі өсті. Мұсылман және христиан саудагерлердің салықтары жеңілдетілді. Атақты италяндық саяхатшы Одорико Порденоне Ұлы қағанмен жолыққан христиан саудагерлердің бірі еді. Жинуңның таққа шығуымен Юан сарайында мұсылман, моңғол және түрік қызметкерлерің саны көбейе түседі. Дәулетшах, Махмутшах, Хасан Қожа, Күмежіл, Тас Темір, Андачу, Убайдуллах, Баянчар сынды тұлғалар Юан мемлекетіне қызмет етеді. Қағанның әйелі Бабухан Қатынның да биліктегі ықпалы зор болды. Сыртқы саясатта Есен Темір өзінен бұрынғылардың ұстанымын жалғастырды. Юан императоры Есен Темір Ұлы моңғол империясының оныншы Ұлы қағаны болып саналды. Тек Иран Елхандарымен ғана емес, Алтын Орда хандарымен де тығыз қатынас орнатты. Өзбек ханның Есен Темірге қабылан сыйлағаны белгілі. Қорыта айтқанда, Есен Темір хан Юан әулетіндегі далалық билік дәстүрін қайта күшейтті.



Ұқсас жаңалықтар