Түркиядағы қазақтар және олардың тарихы

Қазақтардың Түркияға қоныстанғанына 2017 жылы 65 жыл толды.

Түркиядағы қазақтар және олардың тарихы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда Түркияда өмір сүріп жатқан қазақтар және олардың тарихына тоқталмақпыз. Бүгіндері сандары 20 мың мөлшерінде болған Түркия қазақтарының аталары 1930- жылдардың екінші жартысында Шығыс Түркістанның Алтай, Баркөл, Сауан, Гәскөл аймақтарынан үдере көшіп, алдымен Гансу, Шынқайға өтіп одан Гималая мен Тақламақан шөлінен асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен еді. Енді талай қиыншылықтарды басынан өткізген Түркия қазақтары туралы әңгімемізді бастаймыз.

Алтайдан Анатолияға көшкен қазақтардың тарихына қарағанымызда 1940 және 1950 жылдары екі кезеңде жеті жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп жеткенін көреміз. Олар:

1. 1940 жылғы көштің жетекшілері: Елісхан Тәйжі, Зайыпұлы Құсман Тәйжі.

2. 1950 жылғы көштің жетекшілері: Дәлелхан Жанымханұлы, Қалибек Әкім, Құсайын Тәйжі, Сұлтаншәріп Тәйжі, Нұрғожай батыр.

Шығыс Түркістаннан 1940 жылы Тибет арқылы Үндістанға өткен бірінші топтың тарихында “екі патша, он екі уәзір” деген мәтелдің дүниеге келуіне себеп болған тарихи бір оқиға бар-тұғын. Ол қазақтардың шекарада Үндістандық ресми қызметкерлер тарапынан қабылданып жатқан кезде пайда болған. Қызметкерлер қазақтарға “Бастықтарың бар ма?” деп сұрайды. “Бар. Бізді екі тәйжі, он екі үкірдай мен залың басқарады”,- дейді қазақтар. Бірақ Үндістандықтар қазақтарға кезінде мәнжулар берген тәйжі, залың, үкірдай деген мансаптарды түсінбейді. Қайта-қайта “Бастықтарың бар ма?” деп сұрайды. Сонда бір қазақ ақыл тауып “екі патшамыз, он екі уәзіріміз бар” деген екен.

Үстіміздегі 2017 жылы қазақтардың Түркияны қоныстануына 65 жыл толып отыр. Оларды Үндістан мен Пәкістаннан Түркияның Бас министрі Аднан Мендерес жетекшілігіндегі үкіметі 1952 жылы 13 наурыз күні шығарған шешіммен қабылдаған еді. Осыдан кейін қазақтар топ топ болып Түркияға қоныс аудара бастады. Бұл процес төрт жылда аяқталды. Пәкістандағы қазақтардың алғашқы легі 1952 жылдың қыркүйек айында, соңғы легі 1956 жылдың көктемінде Түркияға келді.

Сонау Алтайдың күн бетінен бостандық іздеп көтерілген көштің алғашқы санын ешкім анық білмейді. Осы орайда 18 мыңнан  50 мыңға дейінгі аралықта түрлі сандар келтіріледі. Жұрт білетін анық сан — Алтайдан Анадолыға аман жеткен қазақтардың саны. Ол — 1850 адам. Сонда азаттық үшін арпалысқан он қазақтың ең көп дегенде бірі ғана арманына жеткен ғой! Олардың оннан тоғызы еркін өмір сүру, қазақтық қалпын сақтау, мұсылманшылығын жалғастыру үшін жолда шәйіт болған еді. 

Түрік үкіметі қазақтарды құшақ жая қарсы алды. Олардың өз жерінде шад- шадыман өмір сүрулері үшін қолдан келген көмекті аяған жоқ. Сондықтан Түркия қазақтарды түрік халқына алғыс сезімдерін білдіру үшін Ыстамбұл Топқапы ауданындағы Мендерестің кесенесіне жыл сайын барып, оның аруағына тағзым етіп, Құран оқып тұрады.

1952 жылы Түркияға 9 жасар бала болып келген Мансұр Тәйжі ағамыз сол күндерді еске алып “1952 жылы 20 қазан күні қазақ көшінің алғашқы легі болып әкем Құсайын Тәйжінің жетекшлігінде Түркияға келген едік. Біраз уақыт өткеннен кейін Бас министр Аднан Мендерес мырза келіп хал-жағдайларымызды сұрады. Және біз балаларға дәптер-қарандаш берді. Сол кезде Бас министр мырзаның қолынан дәптер- қарандаш алған баланың бірі мен едім. Түркияға көшті бастаған аталар, ағалар бүгінде жоқ” деуде.

Негізінде түрік елінің шеттен эмигрант қабылдауда бай тәжірибесі бар еді. Өйткені Мұстафа Кемал Ататүрік І. Дүниежүзілік соғыста шаңырағы шайқалып ортасына түскен Осман мемлекетінің қалдықтарынан жаңа мемлекет құрып, Түрік Республикасының іргесін қалаған кезде, жас мемлекеттің халық саны небары 13-ақ миллион болатын. Жаңа елдің тәуелсіздігін баянды ету барысында халық санын қауырт өсіру діттеліп, көрші елдердегі этникалық  түріктер елге көшіріліп әкеліне бастады. Міне бүгін Ататүріктің сол көреген саясатының арқасында Түркия 80 миллионға таяп отыр.

Ал әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспораларымен салыстырмалы түрде бағалайтын болсақ, ең бақытты диаспораның Түркиялық қазақтар екенін ауыз толтырып айтар едік.

Өйткені Түркия түбі бір туысқан халық деп санап отырған қазақтарға  әрқашан жанашырлық көрсете білді. Сондықтан бұл елдегі қазақтар әрқандай бір бөтендік, жаттық көріп, әрқандай бір этникалық қысым-қудалауға тап болған жоқ. Тіпті, қазақтарды Орта Азиядан жаңа келген нәсілі таза, қаны таза нағыз түрік деп, өзінен жоғары бағалап жатқан азаматтары да көптеп кездесіп жатады.

Оның үстіне Түркия 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде, әлем елдері ішінде оны бірінші болып таныған ел болды. Мұның өзі Түркия қазақтарының тарихындағы ең мәнді құбылыс болып табылады. Қаншама жыл Кеңестік аждаһаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған Қазақстанның көк туын желбіретіп егеменді ел болуы Түркиялық қазақтарды өшкені жанып, өлгені тірілгендей үлкен қуанышқа бөледі. Тұрғыт Өзал жетекшілігіндегі Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін кідірместен екі сағат ішінде тануы бұл қуанышты еселей түсті. Содан бері екі туысқан елдің достық туыстық қарым-қатынастары күн өткен сайын күшейіп келе жатыр. Соның арқасында Түркия қазақтары туған елімен емін-еркін ешқандай кедергісіз, тіпті виза шектеулері де болмастан, араласып құраласып келеді. Мұның өзі Түркия қазақтары үшін үлкен бақыт, үлкен ғанибет екені даусыз.

Біз бастапқы әнгімемізге оралып қазақтардың Пәкістаннан Түркияга қоныс аудару мәселесін одан әрі жалғастырайық. Түркия Пәкістаннан қоныс аударған қазақтарды алдымен қонақхана деп аталатын оралманханаларға орналастырды. Ол жерде жаңа көшіп келген азаматтардың баспана, тамақтану, киім сияқты негізгі барлық мұқтаждықтары қанағаттандырылды. Тіпті оларға айлық да төленіп тұрды.

Сонымен қатар оларға түрік тілі, кәсіп-мамандық, жаңа елдің тірлік-салтына бейімдеу барысында курстар бен сабақтар ұйымдастырылды. Екі жыл осылай өткеннен кейін қазақтарға Түркияның қай жеріне орналасуды қалайтындықтары сұралды. Олар өздерінің дағдылы көшпенді мал шаруашылығы өмірлеріне сәйкес келетін таулы және далалық Анатолия аймақтарынан қоныс берілуін қалайтындықтарын айтты. Сонымен қазақтар Түркияның Маниса, Измир, Конья, Аксарай, Кайсері және Нигде өңірлерінің далалық және таулық аймақтарында жер көрсетіліп, арнайы үйлер салынды. Бірақ кейін ауылдық жерлерде күн көрудің қиын болуына байланысты олардың көбі 1960 жылдардын екінші жартысынан бастап Ыстамбұлға қоныс аударды. Қазір олардың көпшілігі Ыстамбұлдың Зәйтінмұрын, Гүнешлі Қазақкент, Күчүкчекмеже және Сефакөй сынды аудандарында өмір сүруде.

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар