Буянту Ұлы Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар 21

Буянту Ұлы Қаған

«Көп қорқытады, терең батырады» дейді қазақтың бір мақалы. Қытайды билеген көшпенді әулеттер уақыт өте қытайланып, сол елдің салт-дәстүрін қабылдап, ақырында жоқ болып кетті. Қытайды билеген Шыңғыс ұрпақтары кезінде болса, Құбылайдан бастап ел басқарудың далалық дәстүрі мен қытайлық дәстүр синтез халінде қатарласып қолданылып келді. Бұл синтездің қытайлық жағы ауыр басып бара жатқанда Күлік хан далалық дәстүрді қайта жандандырған болатын. Алайда оның мұрагерлері далалық дәстүрді ұстап тұра алмады. Тепе-теңдіктің бұзылуы Күлік ханның інісінің кезінде байқалды. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Буянту Ұлы қаған болып табылады.

Ұлы тұлғамыз Буянту – Қытайды билеген Шыңғыс хан ұрпақтары  құрған Юан әулетінің төртінші императоры. Құбылай ханның ұрпақтары Бүкіл Шыңғыс хан ұрпақтарының Ұлы ханы болып саналғандықтан, Буянту Моңғол империясының сегізінші Ұлы қағаны болып саналады. Буянту 9 Сәуір 1285 жылы туып, 1 Наурыз 1320 жылы қайтыс болды. Ұлы тұлғамыздың әкесі Құбылайдың Жынжиңнен тарайтын екінші немересі Дармабала болатын. Шешесі болса – қоңырат руынан шыққан Даги немесе Тәжі ханым. Тұлғамыздың толық аты – Буянту Аюрбарибада Ұлы Қаған. Буянту дегені бүгінгі қазақ тіліндегі «баянды» яғни құтты, бақытты дегенді білдіреді. Аюрбарибада санскрит тілінде «мәңгілік тау» дегені екен. Ал қытайлардың оған берген аты «Жәнзуң» яғни «мейірімді ата». Қытайлардың Ұлы тұлғамызға «мейірімді ата» атағын беруі оның қытай дәстүріне жақын тұруымен байланысты болса керек. Буянту кішкентай кезінен Конфуций ілімінің ғұламасы Ли Мың ұстаздың тәрбиесінде болған еді.

Император Темір Ұлы қаған қайтыс болғанда таққа Дармабаланың екі ұлының бірі шығуы керек еді. Алайда, Темір Ұлы қағанның бәйбішесі Булуған қатын сарайды басып алып, Тәжі ханыммен Буянтуды Хынанға жер аударып жібереді. Баят руынан болған Булуған қатын сарайдағы қоңыраттардың ықпалын азайтып, өзіне жақын мұсылман Ананданың таққа шығарғысы келді. Бірақ Тархан Қарғасунның айналасына жиналған қоңыраттар қарсы шабуыл жасап, Булуған қатын мен Ананданы қолға түсіріп, сарайды өз бақылауына алады. Сосын Хынандағы Буянту мен оның кеңесшісі Ли Мыңды астанаға шақырады. Сарайға келген Буянту жорықтан келген ағасы Күлікті таққа шығарады. Ал Буянту болса 1307 жылдан бастап тақ мұрагері болып жарияланады.

Күлік хан кезінде Буянтудың Ұлы қағанмен қарым-қатынасы жақсы болмады. Өйткені Буянту ағасының далалық дәстүрлерді қолдауының мәнісін түсінбеген еді. Оның үстіне Буянту кішкене кезінен қытай мәдениетінің ықпалында өсті. Буянту ағасына қарағанда қытай мәдениеті мен тарихын жақсы білетін еді. Конфуций ілімін де игерген болатын. Өте жақсы дәрежеде қытай тілінде оқып жаза алатын еді. Басқаша айтқанда, Буянту Қытай өркениетіне тәнті болатын. Сондықтан қытай мәдениетін даму мен өркендеудің бастауы ал дала мәдениетін жабайылық деп есептейтін.

1311 жылы Күлік хан қайтыс болғаннан кейін Буянту хан таққа шықты. Екі ағайындының арасында алдын ала келісім болғандықтан, Буянтудың таққа шығуы соғыссыз болды. Алайда Буянту хан таққа шығуымен билікте көптеген өзгерістер басталды. Ең алдымен Буянту хан Күлік ханның сарайдағы адамдарын тазалады. Бұл адамдар далалық дәстүрлердің жалғасуын қолдайтын адамдар болатын. Сол үшін Буянту хан Күлік хан құрған Мемлекеттік істер министрлігін жойды. Буянту ханның мақсаты Юан әулеті билігін Конфуций ел басқару қағидаларына негіздеу болатын.

Буянту ханнан бұрын Юан әулеті сарайында ықпалды төрт топ болатын. Біріншісі – Шыңғыс хан ұрпақтары мен олармен құда-андалық қатынаста болған далалық рулар. Екіншісі – Сыму деп аталатын және негізінен Орта Азиялық түркі, парсы және тибеттіктерден тұратын топ. Үшіншісі – Хан деп аталатын және негізінен бұрынғы Жиң әулеті мен корейлерден тұратын топ. Төртіншісі – таза қытайлықтар. Күлік ханның кезінде алғашқы екі топтың ықпалы айтарлықтай күшейген еді. Бірақ Буянту ханның реформаларының нәтижесінде бұл далалықтар әлсіреді. Оның есесіне соңғы екі топтың ықпалы арта түсті.

Буянту ханның түсінігі бойынша Қытайды билеу үшін далалықтардың Конфуций ілімі мен Қытай тарихын жақсы білулері керек еді. Сондықтан Ұлы қаған Юан әулетінен бұрын Қытайда болған мемлекеттік емтиханды қайта енгізді. Бұл емтиханнан өткендер ел басқару ісіне алынды. Ал бұл емтиханда Конфуций ілімі мен қытай тарихы туралы сұрақтар болатын. Осының нәтижесінде қытай тілі мен мәдениетін меңгермеген далалық бюрократтар биліктен ысырылып қала берді.

Буянтудың жасаған тағы бір өзгерісі 1311 жылы Жарғучи деп аталатын және далалықтардың қылмысына қарайтын би қызметін жою болды. Үгедей қаған орнатқан бұл қызметтің жойылуы бұдан кейін далалықтардың қытайлық заң түсінігімен сотқа тартылатындығын білдірді.

Буянту ханның реформаларынан кейін Юан сарайында қытайлардың ықпалы арта түсті. Тек бас уәзір қызметінде болған Темудер ғана өз орнын сақтап қалды. Қытайлықтар Темудерді қызметінен кетіру үшін түрлі шара қолданса да іске аспады. Өйткені Темудер қоңырат еді және Буянту ханның нағашысы болатын. Осыған байланысты хан шешесі Тәжімен қақтығысқысы келмегендіктен Темудер өз қызметінде қалды және сарайдағы далалық дәстүрдің ең соңғы өкілі ретінде қызмет етті.

1320 жылы Буянту хан қайтыс болды. Кезінде Күлік ханмен жасаған келісіміне сай Буянтудан кейін таққа Күлік ханның баласы отыруы керек еді. Бірақ Буянту хан сөзінен айнып, өз баласы Шидібаланы өз мұрагері ретінде қалдырды.



Ұқсас жаңалықтар