Олжайту Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 17

Олжайту Хан

Елхан мемлекетінің билеушісі Қазан ханның Ислам дінін қабылдауымен Иран билеушілерінің және Шыңғыс хан мен Құлағу ханның жорықтары кезінде аймаққа қоныс аударған түрік руларының мұсылмандану үдерісі басталған болатын. Бұл үдеріс Махмут Қазан ханның мұрагері Олжайту ханның кезінде де жалғаса берді. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Елхан мемлекетінің сегізінші ханы Олжайту болып табылады.

Ұлы тұлғамыз 1280 жылы туылып, 1316 жылдың 16 желтоқсанында қайтыс болды. Елхан мемлекетінің құрушысы Құлағу ханның немересі, Арғын ханның екінші баласы, алғашқы мұсылман хан Махмут Қазанның інісі болып табылады. Шешесі Арғын ханның үшінші әйелі Ұрық қатын еді. Тұлғамыздың толық аты – Олжайту Мұхаммед Хүдабенде. «Олжайту» дегендегі «олжай» қазақшадағы «олжа» деген сөз. Ал «-ту» жұрнағы «-лы» деген жұрнақпен бірдей. Яғни «Олжайту» деген «олжалы» дегенді білдіреді. Дәл осы жұрнақ «Алматы» деген сөзде де қолданылады. Басқаша айтқанда, Алматы деген сөз Алмалы дегенмен парапар. Ал Мұхаммед Хүдабенде дегені болса, оның Исламды қабылдағаннан кейінгі алған аты. Мағынасы Құдайдың пендесі Мұхаммед дегенді білдіреді. Десе де, Олжайтудың дінге деген қатынасы туралы әр түрлі деректер бар. Ең әуелі, ол Құлағу ордасындағы христиан дінінің үстемдігіне байланысты туылғанда шоқындырылып, папа Николас IV-тің құрметіне Никола деген ат алған еді. Жас кезінде сарайдағы Будда монахтарының әсерінен Буддизмді қабылдаған. Бірақ 1291 жылы ағасы Қазан ханмен бірге ол да ислам дінін қабылдайды. әл-Хилли және Маисам әл-Бахрани деген ғалымдардың ықпалынан Шии Исламды мақұл көреді және Шиилікті мемлекеттің ресми діні деп жариялайды. Десе де кейбір деректер оның өлер кезінде Сүннилікті қайта қабылдағандығын білдіреді.

Олжайтудың аты Махмут Қазан ханның кезінде Елхандарға қарсы шыққан бүліктерді жаншу арқылы шыға бастады. Ең алдымен Хорасан әміршісі болып тұрған кезінде, қолбасшы Наурыздың бастаған бүлігін талқандады. Ал 1298-1299 жылдарында болса, оңтүстіктегі Фарс өңірінде бас көтерген Құтлық Хочө көтерілісін тыныштандырады. 1301 жылы Никудараян әулетін жойып, шығыстағы Херат қаласын елхандар қарамағына қосады. Осы жеңістерінен кейін Олжайтудың келесі хан болатындығы белгілі болған еді. Дегенмен, 1304 жылы он жетінші мамырда ағасы Махмут Қазан қайтыс болғаннен кейін немерелес ағасы Алафренк таққа талас бастайды. Сол жылдың шілде айының басында Алафренкті жеңгеннен кейін барып Олжайту Тебризге келіп, он тоғызыншы шілдеде Елхан мемлекетінің тағына шығады.  

Билікке шыққаннан кейінгі Олжайту ханның бірінші ісі Мысыр мәмлүктерімен қарым-қатынасын түзету болды. Алайда, мәмлүктер Елханның бұл ізгі ниетін қабыл көрмеді. Сондықтан Олжайту Иранның дәстүрлі одақтастары Христиан әлемімен жақындаса бастады. Ең алдымен батыстықтармен сауда қатынасы орнады. 1304 жылы генуялықтар, ал 1306 жылы венециялықтар Тебризде сауда өкілдіктерін ашты. Осыдан кейін екі жақ одақтастық қатынастарды дамыту үшін де елшіліктер алмасты. 1305 жылдың сәуір айында Олжайту хан Бускарелло де Гизалфи бастаған елшілікті француз королі Филип IV-ге, Папа Клемент  V-ке және ағылшын көролі Эдуард І-ге жолдады. Елханның хатында мынадай сөйлемдер бар:

«Біз Олжайту Сұлтан. Біз былай сөйлейміз. Біз Көктәңірдің қолдауымен таққа шықтық. Біз Шыңғыс ханның ұрпағымыз. Расында одақтастықтан артық еш нәрсе жоқ. Егер сізге не бізге біреу шабуыл жасаса, біз бірге қорғанамыз. Көктәңір жарылқасын!»

Олжайту хан батыс корольдеріне жазған тағы бір хатында бүкіл Шыңғыс хан ұрпақтарының ауызбіршілігін атап өтеді:

«Енді біз барлығымыз, Темір Қаған, Шабар, Тоқта, Тоғба және біз, Шыңғыс ханның ұрпақтары, ағалы інілі туысқандар Тәңірдің қолдауымен табысып отырмыз. Сондықтан шығыста Наңжияннан Дала көліне дейін біздің халықтарымыз бір және жолдарымыз ашық.»

1307 жылы Олжайту батысқа Томассо Уги ди Сиена деген италиян саудагер бастаған екінші елшілігін жіберді. Келісімге сай, елхандар Сирияға шығыстан, ал крестшілер батыстан шабуылдайтын болды. Алайда крестшілер крест жорығына шығуға асықпады. 1308 жылы Византия императоры Андроникус ІІ Олжайтуға қызын ұзатты және құдасынан батыс Анадолыда күшейіп келе жатқан Османлы күшіне төтеп беруін сұрады. Олжайту хан Византияға қырық мың қол жіберіп, Осман Ғазының алперендерін жеңіп, олардың жаулап алған қалалардың көпшілігін Андроникус ІІ-ге қайтарып берді. Ақырында 1312 жылы Олжайту Сирияға шабуыл жасайды. Димашық қаласын уақытша алса да, оны ұстап тұра алмай шегінуге мәжбүр болады. Ал христиандар болса, сол күйі Иерусалимді азат етуді мақсат еткен крест жорығын ұйымдастыра алмайды. Олжайту хан 1316 жылы Қазуинде қайтыс болып, бүгін де өз әсемдігін сақтап тұрған Сұлтаниедегі кесенесіне жерленді.  

Қорыта айтқанда, Олжайту ханның билік құрған кезі Елхан мемлекетінің ең бейбіт кезеңі болып саналады. Оның кезінде халықаралық сауда дамып, Иран қалалары гүлдене түседі. Әсіресе Олжайту салдырған Сұлтание қаласы ерекше дамиды. Махмут Қазан ханның кезінде басталған реформалар өз жалғасын тауып, ауылшаруашылығы да дамиды. Бұл кезеңде көшпенді рулар отырықтаса бастайды. Олжайту хан «ғұлам» жүйесін енгізіп, христиан және яхуди балаларды мұсылманша тәрбиелеп, олардан әскер мен бюрократтар шығарады. Десе де, Олжайту ханның біз үшін маңыздылығы оның уәзірі Рашидәддиннің «Жамиғаттауарих» атты әлем тарихын жазып шығуы. Қазан ханның кезінде де бас уәзір болған Рашидәддин Олжайту ханның кезінде де осы қызметін атқарады. Оның еңбегі Түркі әлемі тарихы үшін ең маңызды дереккөздердің бірі болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар