Қазан Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 15

783748
Қазан Хан

Құлағу Ханның құрған Елхан мемлекеті бүгінгі Иранның қалыптасуында маңызды рол ойнағандығы айқын. Елхан билеушілері Абақа хан мен оның ұлы Арғын Хан кезінде Ирандағы қалалар қалпына келіп, Құлағу ұрпақтарының Қытайдағы туысқандары Құбылай ұрпақтарымен арасындағы тығыз байланысқа қатысты халықаралық сауда жанданып, Ұлы Жібек Жолы қалпына келіп, нәтижесінде Иран гүлдене бастады. Елхандардың Исламды алғаш болып қабылдаған Қазан ханның кезінде Иран мемлекеттілігі орнықты десек болады. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Арғын ұлы Қазан хан болмақ.

Ұлы тұлғамыз Абақа ханның ең үлкен ұлы болып табылады. 1271 жылдың 5 қараша күні туылып, 1304 жылдың 17 мамыр күні қайтыс болды. Қазанның балалық шағы атасы Абақа ханның қасында өтті. Атасы оны буддист монахтардың тәрбиесіне тапсырған еді. Елхандар мемлекетінің билеушілері Христиандықтың Несториан бағытын, Тәңір дінін және Будда дінін ұстанатын еді. Әсіресе, Елхандар сарайында буддист монахтардың ықпалды болғаны байқалады.  

1284 жылы әкесі хан болып сайланғаннан кейін, Қазан Иранның шығыс аймақтары Хорасан, Мазандаран, Құм және Рей қалаларының әкімі болып тағайындалды. Өмірінің он жылын осы аймақтарды шығыстағы көршілері Шағатай хандығының шабуылдарынан қорғап өткізді. 1290 жылдарда Қазанның Хорасандағы орынбасары Наурыз Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған Шағатай хандығы жағына өтіп кетіп, Қазанмен соғыса бастады. Осы кезде Тебриздегі Елхан мемлекеті ханы Қайқатуға қарсы інісі Байду бүлік бастап оны тақтан түсірді. Алайда Байдудың билігін Қазан мойындамады. Сондықтан Қазан батыста Байдуға қарсы соғысуы керек еді. Осыған байланысты 1295 жылы Қазан Наурызбен бітім жасасты және оның үгіттеуімен Ислам дінін қабылдап, «Махмут» деген мұсылманша ат алды. Қазанмен бірге оның қарамағындағы әскерлерінің барлығы Ислам дінін қабылдады. Осылайша Елхан мемлекетінің исламдануы басталған болды.

Шығыс шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп Наурыздың қолдауына ие болған Қазан Байдуға қарсы жорыққа шықты. 1295 жылдың үшінші қараша күні Тәбризді алған Қазан сол күні бүлікшіл Қайдуды өлім жазасына кесіп, өзі Елхан мемлекетінің тағына шықты. Елхан Махмут хан «ислам патшасы» деген атақ алды. Қазан таққа шыққаннан кейін өз билігін күшейтуге кірісті. Шындығын айтқанда, Қазанның Ислам дінін қабылдауы оның мұсылмандарды билеуге деген құқығын басқа ханзадаларға қарағанда күшейткен еді. Десе де, оның билігін қабылдамаған ханзадалар Қазанға қарсы көтеріліс бастады. Билігінің бірінші жылында Қазан хан бес бүлікті талқандады. Одан әрі өз билігін орнықтыру үшін таққа шығуына көмек көрсеткен қолбасшысы Наурызды Мәмлүктермен сыбайласты деген айыппен дарға асты.    

Қазан хан Ислам дінін қабылдағаннан кейін Ирандағы мұсылман емес халықтар қысымға ұшырады. Буддист, христиан және еврей ғибадатханалар қиратылды. Ал өзге діндегілер не Ислам дінін қабылдауға, не Иранды тастап кетуге мәжбүр болды. Бұның есесіне Ирандағы мұсылмандардың мәртебесі өсе бастады. Жаңа мешіттер мен медреселер салырып, ислам сәулеті дами түсті.

Иран билеушілерінің Ислам дінін қабылдауы және Иранның исламдануы Елхандардың көршілес мұсылман елдерімен соғысын бітірмеді. Мысалға, Қазан хан Мәмлүк сұлтаны Насырға бірлесе отырып Исламды күшейтуді ұсынған еді. Бірақ Насыр бұл ұсынысты қабылдамады және Елханның қарамағында болған Мардин қаласына шабуыл жасады. Бұған ашуланған Қазан хан Мәмлүктерге қарсы соғыс жариялады. 1299 жылы Елхан мемлекеті алғаш рет Сирия мен Димашықты алды. Алайда келесі жылы Мәмлүктер қаланы қайтарып алды. Тағы бір қызық дерек, Қазан хан мұсылман болуына қарамастан, мәмлүктерге қарсы өзінен бұрынғы билеушілердің Христиан әлемімен одақтастық қатынасын жалғастырды. Мысалға, Рим папасы Бонифаце VIII-ге жазған хатында Қазан хан крестшілерді Мәмлүктерге қарсы жорығына қатысуға шақырды. Бірақ крестшілер мен елхандар арасындағы бұл одақтастық қатынастан бұрынғыдай еш нәрсе шықпады. Десе де, тарихшы Петер Жаксонның «1221-1410 жылдар аралығында Моңғолдар мен Батыс» кітабында он үшінші ғасырда Италияда Кан Гранде (Can Grande) яғни Ұлы хан немесе Ел хан, Аргон (Argone) яғни Арғын, Алаон (Alaone)  яғни Құлағу, және Кассано (Cassano) яғни Қазан аттарының балаларға қойыла бастағандығын жазады.

Махмут Қазан хан тек билеуші емес, сонымен қатар мықты ғалым және өнерпаз еді. Ол ғылымның химия, астрономия, медицина және жаратылыстану салаларына қызығатын еді. Әсіресе, тарихқа көп қызығушылығы болатын. Атақты Рашидәддин Хамаданның «Түгел Тарихы» яғни «Жамиғу Тауарих» еңбегі Қазан ханның кеңесімен жазылған болатын. Қазан хан ана тілімен бірге араб, парсы, үнді, Тибет, Қытай және латын тілін білетін. Ал оның зергерлік саласындағы өнері туралы византиялық тарихшы Пахимерес «Оның зергерліктегі қабілетіне ешкім жете алмайтын еді» деп жазады.

Қорыта айтқанда, Махмут Қазан хан Иран мемлекеттілігі тарихында маңызды рол ойнады. Исламды қабылдаған Құлағудың ұрпақтары Қазан ханнан бастап Иранның «өзіндік» «жергілікті» әулетіне айналды. Қазан хан Иранның батыста Мәмлүк Мысырымен, шығыста Шағатай Түркістанымен болған геосаяси текетіресі мәселесін шеше алмады. Алайда, Ислам дінін ресми дін ретінде жариялаған Махмут Қазан хан Иран халқының Ислам әлемінің бір бөлшегіне айналуына негіз қалады. Ал оның Ислам әлемінің түкпір-түкпірінен келген ғалымдарға пана болуы Иранның тек көне Жібек сауда жолының орталығына айналуына ғана емес, Ислам әлемінің пікір алыс-берісінің орталығына айналуына себеп болды. Сол ғалымдардың ең көрнектісі Мәулана Джәлеледдин Румидің немересе Ұлы Ариф Челеби болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар