Абақа Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 14

Абақа Хан

Түрік-Ислам өркениеті тұрғысынан Иран тарихы өкінішке орай Елхандардан бастап оқшауланып тұрады. Бұның себебі Елхандар Орта Азиядағы Шағатай хандығымен, солтүстікте Алтын Орда, ал Батыс Азияда Мәмлүктермен үнемі соғыс ішінде еді. Бұл геосаяси текетірес Алтын Ордадағы Жошы мен Мәуренахрдағы Шағатай ұрпақтарының Исламды қабылдауынан кейін идеологиялық қақтығысқа ұласты. Елхандар Құлағудың төртінші буын ұрпағы Қазан ханға дейін Ислам дінін қабылдамады. Елхандар көне Тәңір дінін, Христиандықтың Несториандық бағытын және Будда дінін ұстанған еді. Осыған байланысты Елхандардың қарамағындағы Иранның айналасындағы түркі мұсылман мемлекеттердің Елхандарға деген өшпенділігі пайда болды. Әсіресе Алтын Орда мен Мәмлүктер тарих бойы Иранға қарсы одақтас болды.

Батыс Азиядағы Мәмлүктер, Анадолы Селчуктары және кейіннен Османлылар Христиан әлемімен шекаралас болғандықтан Еуропадан келген крестшілермен соғысып өтті. Бұл соғыстар «Түрік» деген ұғымның уақыт өте келе «мұсылман» деген ұғыммен мағыналас болуына алып келді. Басқаша айтқанда, түріктер Исламды қабылдағаннан бастап, Ислам өркениетінің панасына айналды. Сондықтан соңғы мың жылды Түркі-Ислам өркениеті деп атасақ орынды болады. Өйткені бүкіл Ислам әлемінде түрік мұсылмандардың үстемдігі орнаған еді. Атап өтсек, солтүстік Африка мен Батыс Азияда Мәмлүктер, Анадолы мен Балқан түбегінде яғни Оңтүстік Шығыс Еуропада Османлылар, Еуразияда Алтын Орда және оны мұрагерлері мұсылман көшпенділер, Мәуренахрда Шағатай ұрпақтары, Үндістанда мұсылман түріктер құрған Дели сұлтандығы және кейіннен Бабыр мен оның ұрпақтары өз биліктерін орнатқан еді. Мәмлүктердің арқасында Ислам қанатын Африкада кеңінен жая бастады. Османлылар Еуропадағы халықтардың мұсылмандануын тездетті. Алтын Орданың далалық Ислам түсінігі Сібірге дейін жетті. Мәуренахрдағы мұсылман түрік билеушілер Исламның Шығыс Түркістан мен Қытайға жайылуына себеп болды. Бабырлар болса Үнділердің Ислам дінін қабылдауына дәнекер болды.    

Осы Ислам-Түрік әлемінің нақ ортасында Иран орналасқан еді. Ирандағы Елхандардың Ислам дінін кейінірек қабылдауы және олардың басқа мұсылман түріктермен соғысып өтуі Иранның Ислам-түркі тарихында «бөтен» болып тұруына себеп болды. Тіпті Елхандардың Ислам дінін қабылдауынан кейін де бұл «өзгешелік» жалғаса берді. Өйткені басқа мұсылман елдерінің мұсылман емес көршілері ол елдердің Исламдық болмысын күшейткен еді. Ал Иранның мұсылман емес көршісі жоқ еді. Сондықтан Иран Ислам өркениетінде өзіне тән ерекше орын ізденіс ішінде болды. Осы ізденіс нәтижесінде Иран шииттік Ислам түсінігін қабылдады.

Қорыта айтқанда Иранның Түркі-Ислам тарихындағы ерекше орны оның дұшпан ретінде қабылдануына және Түркі-Ислам өркениеті мүшесі ретінде қабылданбауына себеп болды. Әсіресе Түркі өркениеті тұрғысынан Иран бүгін «түркі халықтарының жауы» ретінде қабылданады. Ал расында соңғы мың жылда Иран Түркі әлемінің нақ ортасында тұр. Сондықтан Иранды Түркі өркениетінің бір бөлшегі деп қабылдаймыз. Иранда билік басында қандай дін, қандай идеология болса да, Иран Түркі өркениетінің айрылмас бір бөлшегі болып табылады. Сондықтан Құлағудың ұрпақтарының барлығын Түркі өркениетінің Ұлы тұлғалары деп есептейміз. Олай болса бүгінгі бағдарламамыз Құлағу ханның үлкен ұлы, Елхан мемлекетінің екінші билеушісі Абақа хан туралы болмақ.

Абақа 1234 жылы бүгінгі Моңғолия аумағында туылды. Әкесі – Шыңғысханның кенже ұлы Төленің үшінші баласы Құлағу, шешесі болса – Тоғыз Қатын лақап атымен танымал Есунчин. Тоғыз қатын Төленің әйелі, Керей ханшайымы атақты Сұрқақтани қатынның сіңлісі болып табылады. Бұлай болғанда, Жошы әулеті көбінесе Қоңыраттан қыз алғанда, Төленің әулеті Керейлермен құда-анда болған болып шығады. Бұл жердегі құдалық қатынасты одақтастық қатынас деп те түсінуге болады. Бүгін қазақтың ішіндегі керейлердің «Ашамай» және «Абақ» болып екі қанатқа бөлінетіндігін ескерсек, бұл жердегі «ашамай» мен «абақ» сөздерінің керейлердің мәдениетімен қатысты ұғымдар екендігі белгілі. Тұлғамыз Абақа хан мен абақ керейлердің арасында белгілі бір байланыс бар болуы да мүмкін. Қысқасы, Елхан мемлекетінің тарихы бүгінгі қазақ руларымен тікелей байланысты.  

Абақа әкесі Құлағумен Батыс Азия жорығына қатысты. Құлағудың Беркеханмен соғысы кезінде Мәуренахрдағы Шағатай ұрпағы Алғумен одақ құруды жақтаған еді. 1265 жылы Құлағу қайтыс болғанда Хорасан мен Мазандаранның әкімі болып тұрған Абақа сол жылы Құлағудың мұрагері ретінде Елхан мемлекеті тағына шықты. Бұл кезде Елхандар өз алдына дербес мемлекет болса да, Ханбалық яғни Пекиндегі Құбылайды Ұлы хан деп санайтын. Сондықтан Абақаның таққа шығуы Құбылай тарапынан бекітілгеннен кейін 1270 жылы таққа шығу рәсімі қайта орындалды.

Абақа таққа шыққанда Елхандар Алтын Орда, Шағатай хандығы және Мәмлүктермен соғысып жатқан еді. 1265-66 жылдары Алтын Орда қолын бастап келген Ноғай Ноянмен шайқасты жеңген Абақа Берке ханның қайтыс болуымен оның мұрагері Мәңгі Темірмен бітімге келді. 1270 жылы Шағатай ханы Барақтың қолын Херат қаласының маңында болған шайқаста Абақа жеңіліске ұшыратып, шығыс шекарасын да орнықтырды. Ал батыста 1272 жылы Сұлтан Байбарыстың әскерлерімен болған шайқастан кейін екі ел арасындағы шекара ретінде Евфрат өзені болып белгіленді. Ал Анадолыдағы Селчук бейліктері Елхандарға бағынышты болды.

Қорыта айтқанда, Абақа ханның кезінде Елхандар мемлекет ретінде қалыптасты. 1282 жылы Абақа қайтыс болғанда Елхандар Жібек жолының бойындағы ең маңызды мемлекетке айналған еді. Осы кезеңде Иран мен Ирак қалалары қалпына келіп, әсіресе Тебриз қаласы астана ретінде көркейе бастады.



Ұқсас жаңалықтар