Санжар Әзірбайжан Экономика университеті студенттерімен кездесу өткізді

Түрік әлемінен жаңалықтар-26

Санжар Әзірбайжан Экономика университеті студенттерімен кездесу өткізді

Нобель Ғылым сыйлығының иегері профессор Азиз Санжар Әзірбайжан Білім беру министрлігінің шақыруымен Бакуге келіп, Әзірбайжан Экономика университеті студенттерімен кездесу өткізді.

Студенттерге арналған баяндамасында табысқа қол жеткізу үшін тынбай еңбектену керектігін түсіндірген Санжар студенттерге де көп еңбектенумен қатар ұлттық дәстүрлерді ұмытпаулары жөнінде өсиет айтты.

Профессор Азиз Санжар шетелде болған кезде жүрегінде әрқашан Түркия және Түркі Әлемінің болғанын білдіріп, «Шетелге барып, шетел тілін үйренсеңіз шетелдіктер де сізді түрік дейді. Өз ұлттық дәстүріңізді сақтасаңыз шетелдіктер де сізді құрметтейді» деді.

АҚШ-та құрылған Түрік үйінен сөз қозғаған Санжар «Осы үйдің мақсаты Түркияны және Түркі Әлемін таныстыру, зерттеу үшін Америка Құрама Штаттарына келген түрік ғалымдарына қонатын орын қамтамасыз ету және студенттердің Америка Құрама Штаттарына үйлесуіне мүмкіндік жасау болып табылады. Нобель сыйлығынан түскен ақшаның көбін де осы жерге арнадық» деді.

Әзірбайжан Экономика университеті ректоры Адалет Мұрадов та қатысқан жиналыста Санжар студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Профессор Азиз Санжар сонымен қатар Баку сапары аясында Ұлттық білім беру министрлігі және Әзірбайжан экономика университеті бірлесе отырып ұйымдастырған «Университеттерде ғылыми жұмыстардың заманауи әдістеме үлгісі» атты конференцияда баяндама жасады.

Ендігі хабарымыз Өзбекстан жайлы.

Анадолы агенттігінің хабарына қарағанда Өзбекстан түрікмен табиғи газының Оңтүстік Азия елдеріне тасымалдайтын TAPİ жобасында орын алу мүмкіндіктерін іздестіру үшін жұмыс бастады.

Хабарда Өзбекстанның түрікмен табиғи газын Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға тасымалдайтын TAPİ табиғи газ құбыр желісі жобасында орын алу мүмкіндіктерін іздестіргені білдірілді.

Өзбекнефтегаз министрі Алишер Сұлтанов Ташкентте ұйымдастырған баспасөз мәслихатында TAPİ жобасына қатысу немесе осы жобаның жүзеге асырылуында оператор ретінде орын алу перспективалары және мүмкіндіктері жөнінде жұмыс бастағанын айтты.

Сұлтанов осы тақырыптың Президент Шавкат Мирзиеевтің Түрікменстанға жасаған соңғы сапары барысында күн тәртіпке келгенін еске салып, «Түрікменстан тарапы бізге TAPİ жобасында орын алуды ұсынды. Президент Мирзиеев те Өзбекнефтегаздан осы тақырыпты зерттеуін талап етті» деген сөздер қолданды.

Қазір Өзбекстанның аталмыш жобаға қатысуына байланысты әрқандай бір ресми өтініштің берілмегенін түсіндірген Сұлтанов осы жобаның мемлекетте өндірілген табиғи газ экспорт етілетін өткелдердің арттырылуы үшін үлкен бір орай екенін және жобаны осы себепті тексергендерін атап өтті.

TAPİ жобасы аясында 2015 жылы желтоқсан айында басталған және Түрікменстанның оңтүстігіндегі Галкыныш табиғи газ ошағынан Ауғанстан шекарасына дейінгі  214 шақырым қашықтықтағы құбыр желісінің салынуының келесі жылы аяғында тамамдалуы күтілуде.

Түрікменстан табиғи газының Ауғанстан арқылы Пәкістан және Үндістанға жіберілуі жоспарланған TAPİ жобасының жүзеге асырылуымен жылдық орташа есеппен 33 миллиард текшеметр түрікмен газының тасымалдану күтілуде.

Жаңалығымызды Түркиямен жалғастырамыз.

Түркияда Ержан Көксалдың бас редакторлығында «Ұлы даланың ұлы перзенті Шыңғыс Айтматов» атты бір кітап жарық көрді. Еңбекте 12 жазушының Айтматов туралы жазған мақалалары орын алуда. Мұнда Шыңғыс Айтматовтың өмірбаяны, адамдық қасиеттері және еңбектері туралы қалам тербелген.

Кітап Ержан Көксал жазған Шыңғыс Айтматовтың өмірбаянымен басталады. Бақтияр Арслан Айтматов пен Хэймингуэй арасында бейнелеу және табиғаттың тілі жөнінде салыстырма жасайды. Ягмур Туналы «Шыңғыс Айтматовты білесіз бе?» деген мақаласында жазушының шығармаларын неліктен оқуымыз керектігін түсіндіреді. Үлкү Елиуз болса Айтматовтың еңбектеріндегі әйел кейіпкерлерін зерттейді. Сиями Йозгат Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында кең көлемді орын алған аттардан сөз қозғайды. Тургай Яланыз болса мақаласында «Ақ кеме» повестіндегі «Әке» тақырыбын қолға алады. М.Фатих Кантер де «Таулар құлағанда» атты романындағы ғашықтық тақырыбын тілге тиек етеді.

Кітапта сонымен қатар Айша Йылмаз Балкан, Сабахаттин Чагын, Селами Акжелеп, Али Таушанлыоғлұ және Мұстафа Учырымның да мақалары жарияланған.

Түркі және әлем әдебиетінің ұлы шынары Шығыс Айтматов осы кітапта кең көлемді таныстырылған. Бұл еңбек әйгілі жазушы жөнінде табылмас құнды материал болып табылады.

Бағдарламамызды Татарстанмен аяқтаймыз.

Ресей Федерациясына қараста Татарстан Республикасының астанасы Қазанда Түркиядағы университеттерден бітіргендер бас қосты.

Түркиядағы түрлі университеттерден білім алған татарстандық 30-дан астам түлектер үшінші дәстүрлі бас қосуларын өткізді.

Түркияның Қазан Бас консулдығы ғимаратында ұйымдастырылған іс-шараға Қазан Бас консулы Турхан Дилмач пен Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы өкілі Мехмет Кылыч қатысты.

Бұл жерде сөз сөйлеген Мехмет Кылыч жалпы Ресей бойынша Түркиядағы университеттерді бітірген түлектер санының 3 мыңнан асқанын, сондай-ақ алдымыздағы күндерде осы түлектермен ынтымақтастықты дамытқысы келгендерін білдірді.

Қазір Түркияда Түркия стипендиясымен білім алып жатқан 300 Ресейлік студенттің болғанын баяндаған Кылыч өз мүмкіндіктерімен білім алып жатқан студенттерді қосқанда бұл санның 1500 төңірегінде екенін айтты.

Ресей бойынша әр жылы 100 студентке стипендия берілгенін білдірген Кылыч осы стипендиялардың мөлшермен 30-ның Татарстан студенттеріне берілгенін атап өтті.

Түркиядан бітірген студенттердің бас қосуына үй иелігін жасаған Қазан Бас консулы Турхан Дилмач Түркияда білім алып жатқан немесе Түркиядан бітірген түлектермен бірге болуға әрқашан көңіл бөлгендерін айтты.

Қатысушылар іс-шарадан кейін түрік байрағы астында бірге естелік суретке түсті.

 



Ұқсас жаңалықтар