Қазақстанда ашаршылық апаты және салдары

Тарих айдынында - 10

Қазақстанда ашаршылық апаты және салдары

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Кеңес Одағы уақытында 1929-1933 жылдары арасында Қазақстанда пайда болған ашаршылық апатына тоқталмақпыз. Сталиннің бұйрығымен қолдан жасалған осы ашаршылық кезінде қазақ халқының жартысына жақыны, малдың 90 пайызы қырылды. Бүгінгі сұхбатымызда осы апаттың пайда болуы және қазақ қоғамына тигізген кесірлері туралы әңгімелемекпіз.

1930 жылдардың басында 19 жастағы орыс қызы Татьяна Невадовская Алматыда болып көшелерде аштықтан қиналып зардап шегіп өлген адамдарды өз көзімен көрген. Ол бір жақтан соларға көмек беруге тырысса, екінші жақтан көргендерін қойын дәптеріне естелік ретінде жазған. Тіпті қарындашпен суретін сызған және осынау трагедиядан қатты әсерленіп толқып өлең де жазған.

Оның өлең шумақтары былай деп басталады:

Наурыз еді, шуақтанып, күн тұрған

Дала оянып, тіршілікке ұмтылған.

Ашаршылық қасіреті жадымда

Қазақтарым бастан кешкен түн тұман.

 

Қазағым аш, аш иттей боп ұлыған

Ісіп-кепкен, тым қайғылы, қиын хал.

Өліп жатыр, бұратылып аштықтан,

Күйінемін, менің тәуір күйім бар.

Арадан 47 жыл өткеннен кейін Невадовская 1990 жылы Алматыға келіп 1933 жылы жазған естелігі мен өлеңі және сызған суретін Қазақстан мемлекеттік архивіне тапсырып берді. Ол сол кезде былай деген екен:

“Сол қыс біз үшін, әсіресе жергілікті қазақтар үшін адам айтқысыз қиын қыс болды. Өзім өте жас және сезімтал едім. Сол себептен өте аянышты да адам шыдамайтын қорқынышты уақиғаны, яғни ашаршылық пен жоқшылықты, оған тап болған бейшара халықты ойлап қатты зардап шектім. Қазақ халқының бүгінгі ұрпақтары ашаршылықтан өлген адамдарды, балаларды және қарияларды, қаңырап бос қалып жер бетінен бүкілдей құрып жоғалып кеткен ауылдарды, далада тоңып ауырған адамдарды ұмытпасын.”

Невадовская осылайша еске алған уақиғалар шынымен де адамзат тарихының ең жан түршігерлік уақиғаларынан бірі болып табылады. 1929-1933 жылдары арасында Кеңестік биліктің қолдан жасаған ашаршылық апаты салдарынан қазақ халқының 49 пайызы, атап айтқанда 2.230.000 адам және баққан төрт түлік малының 90 пайызы, яғни 36 миллион мал қырылды.

Осы апат негізінен Компартияның қазақтарды көшпелі өмірден отырықшыл өмірге көшіру шешімінен туындаған. Белгілі тарихшы ғалым, профессор Манаш Қозыбаев осы апатты қазақ халқының сан ғасырлық тарихында тап болған апаттардың ішіндегі ең қорқыныштысы және зардаптысы екенін айтады.

Кеңестік билік үшін қазақтардың отырықшылыққа өтуі аса маңызды еді. Өйткені қазақ халқының басым көпшілігі көшпелі өмір кешуде еді. 1920 жылдардың соңындағы анықтауларға қарағанда, саны  4.836.000 болған қазақ халқының небары 600 мыңдайы ғана қалалар мен колхоздарда отырықшыл өмір сүріп жатқан еді. Бұл жағдай болса, қазақтарды Кеңестік идеологияға бейімдеуге және билік тарапынан бақылау астында ұстауға қиыншылық туғызуда еді.

Өйткені қазақтар кең далада ғасырлардан бері еркін түрде өмір сүріп, малын жайлау мен қыстау арасында жайып жүруші еді. Сондықтан Марксизм-ленинизм идеологиясымен де, Компартияға мүшелікке кірумен де жұмысы жоқ еді. Әрі оған ондай дүниелер мүлдем қажет де емес еді. Бұл жағдайды 1925 жылы Қазақстан Компартиясының бас хатшылығына тағайындалған Филип Голощекин де мойындап, орталыққа жазған хатында оны былай деп тілге тиек еткен еді: “Қазақ ауылдарында шынайы түрде Кеңестік билік жоқ, байлардың басқаруы мен рулардың үстемдігі ғана бар.” Голощекин бір сөзінде одан әрі “Ауылдарда Қазан төңкерісінің белгілері жоқ. Тап күресі мүлдем байқалмайды. Кедейлер комитеті, байлардың байлықтарын кәмпескелеу жоқ, тіпті ауылдарда коммунист болған адам жоқ” деген. Сол себептен Голощекиннің пікірінше, қазақ ауылдарында “кіші Қазан төңкерісін” жасау керек еді.

Осыған орай Қазақстанда төтенше саясат жүргізуді қажет деп тапқан Голощекин Сталинге жазған баяндамасында “Қазақтардың жабайы және мәдениетсіз халық екенін айта келіп, кең далада қалай болса солай көшіп қонып жүрген осы халықты бір орынға топтастыратынын, оларға шанышқы, қасық және пышақ қолдануды, таза киім киюді, сондай-ақ үйлеріне терезе, мұржа қоюды үйрететінін” атап өткен. Сталин оның бұл саясаттарына толық қолдау көрсетеді.

Осындай өрескел және жабайы саясаттардың нәтижесінде елдегі 40 миллион малдан 36 миллионы қырылды. Негізгі қорегі ет тағамдары болған қазақтар малдан айрылғаннан соң аштықтан қырыла бастады. Сонымен бірге малдары кәмпескеленіп бір жерге орналастырылған қазақтарға қажетті баспана мен тамақ қамтамасыз етіле алмады. Кеңестік биліктің жарлықтарына мойынсұнбаған қазақтар туған жерін тастап, шекарадан өтіп басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. Олар көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Қытай, Ресей және Сібір сынды елдерді паналады. Ғасырлар қойнауындағы сақтар, ғұндар мен көктүріктерден бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығынан айрылған қазақтар арасында ашаршылық пен ауру пайда болды. Әсіресе сәбилер жаппай қырылды. Темір жолы мен ірі қалалар маңы жәрдем үміт кеткен қазақтармен толып кетті. Алайда бұлардың көпшілігі ешкімнен көмек ала алмады, сол жерде аштықтан қырылды.

Осы үлкен апаттан қанша қазақтың қырылғаны жөнінде 1,5 мен 4 миллион арасында қилы көрсеткіштер айтылуда. Бұл турасында нақты сан қайсысы екенін кесіп айту қиын. Өйткені Кеңес уақытында осы ашаршылық туралы зерттеу жасау мен мәлімет таратуға тыйым салынғандықтан, көп нәрсе жабулы күйінде қалды. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл салада зерттеулер жасала бастады.

Бұл турасында жасаған зерттеулерімен танымал қазақ тарихшысы профессор Талас Омарбеков 1997 жылы жарық көрген және архив құжаттарына сүйене отырып жасаған зерттеуінде бұл туралы нақты бір санды келтіруде. Қазақстан ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы туралы статистика агенттігінің материалдарына сүйене отырып жасаған зерттеуінде ол бұл санды 2.230.300 деп белгіледі.

Қазақ халқы арасында осы ашаршылық кезеңі “орақ пен балға – өлім мен сорға” деп аталды. Бұл Кеңестік биліктің қазақ халқы үшін қандай ауыр қасірет әкелгенін бейнелеуде.

2.230.300 саны қазақ үшін орасан зор демографиялық азаюшылық. Бұл ол кездегі қазақ халқының жартысына жақын. Белгілі жазушы Смағүл Елубаев “егер бұл апат болмағанда 1897 жылы патшалық Ресей тұсындағы халық санағында саны 4.084.000 болған қазақтардың 1990 жылдарға келгенде 32 миллион болуға тиісті еді” деуде. Алайда қазақтардың 10 миллионда қалғанын айтуда. Елубаев келтірген бұл санында 1930 жылдардан бұрын 1916 және 1920 жылдың басындағы аласапыран жағдайларда апатқа ұшыраған қазақтарды да есепке алып отыр.

Сонымен қорыта айтқанда қызыл қырғынның авторы Сталин кезінде қазақтар да тарихының ең ауыр апатына ұшырады. Кең байтақ далада Мәскеудің социалистік идеологиясына мән бермей көшпенді өмірін сол қалпында жүргізе берген қазақтарды Сталин ұжымдастыру арқылы отырықшылдыққа көшіру барысында жартысына жақынын қырып жабық геноцидке дейін барған. Бұл қазақ халқын ауыр күйзеліске ұшыратты. Оның салдары бүгін де сезіліп отыр. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан демографиялық олқылықты экономика және қауіпсіздік салаларында ашық сезініп отыр. Ол сонымен қатар қазақтың мыңдаған жылдық көшпенді мәдениетінің тамырына да балта шауып жойылуына себеп болған. Әлемде мұндай апаттар екіншілей қайталанбасын десек, мұны ұмытпауымыз және өзге халықтардың да тағлым алуын қамтамасыз етуіміз қажет.

 Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар