Түрік әлемінен жаңалықтар - 23

Түрік әлемінен жинақталған жаңалықтар.

Түрік әлемінен жаңалықтар - 23

Алғашқы хабарымыз Түрікменстаннан.

Энергия көздерінің әлем нарығына сенімді жеткізілуіне байланысты тақырыптар Ашғабадта болған Халықаралық Энергия форумында талқыланды.

«Энергия көздерінің транзит өтуіне байланысты көп жақты келісімге бағыт» атты форум Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Максат Бабаев және Энергетикалық хартияның бас хатшысы Урбан Руснактың баяндамаларымен басталды.

Форумға Энергетикалық хартия келісіміне тарап елдердің өкілдері,  халықаралық ұйымдардың лауазым иелері мен энергия саласы мамандары баяндамашы ретінде қатысты. Өндіруші елдер,  транзит елдер және энергия тұтынушылары арасындағы байланыс және координация мұқтаждықтарына назар аударған баяндамашылар Түрікменстанда өткен осы форумның ынтымақтастық ынталарына маңызды үлес қосатынын атап көрсетті.

Еуропа Комиссиясы Энергия одағы төрағасының орынбасары Марос Сефкович те видео конференция арқылы форумға қатысты.  Сефкович биылғы жылдың ақпан айында Еуропа Одағы, Әзірбайжан, Түркия, Түрікменстан арасында Бакуде өткен жиналыстың Каспий газының Еуропаға жеткізілуі тақырыбында үміт беретінін айтты.

Форумда Түркия Республикасы Энергия және табиғи ресурстар министрлігі өкілі, Транзит құбыр желілер төрағасы Реха Айкул Муратоғлу да баяндама жасады.  Муратоғлу энергияны өндіретін елдер мен негізгі алушы тұғырындағы Еуропа құрлығы арасында Түркияның әрі экономикалық,  әрі сенімді транзит орталығы екенін,  осы тақырыпта қажетті инфрақұрылымның бар екенін атап көрсетті.

Энергетикалық хартияның 2017 жылғы кезекті төрағалығын Түрікменстан атқарып отыр.  Осы аяда Энергетикалық хартия келісімінің негізгі органы «Энергетикалық хартия конференциясы» да 28-29 қараша күндерінде Ашғабадта өткізіледі.

**

Бағдарламамызды Қазақстаннан бір хабармен жалғастырамыз.

Бас қала Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы болып  өтті.

Форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форум жұмысына сәттілік тілеген арнайы Құттықтау хатын оқып берді. 

АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 300-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды.

Форум аясында «Рухани жаңғыру жолында», «Ғылым киесі: ғылыми интеграция және ортақ құндылықтар», «Тарихи жады және болашаққа көзқарас», «Түркі әдеби дәстүрі және қазіргі кезең», «Түркі тілдері: зерттеу, қорғау және дәріптеу», «Әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасы» атты алты секцияда ғылымды дамыту мәселелері, қазақ тілінің латын әліппесіне көшуі, киелі жерлер мен қастерлі мекендерге арналған «Туған жер» бағдарламасы сынды мәселелер талқыланып, сындарлы пікірлер айтылды.

Бұдан бөлек, шара барысында соңғы жылдары Түрік академиясы шығарған кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.

Аталмыш форумға БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ECO Science Foundation, Түркі кеңесі, ТҮРІКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

**

Соңғы хабарымыз Татарстанға байланысты. Түркияның Ресей Федерациясындағы өкілетті және төтенше елшісі Хүсейін Дириөз Қазан Саммиті-2017-ге түрік фирмаларының белсенді түрде қатысуының Түркияның Татарстанға деген ықыласының бір көрсеткіші екенін айтты.

Татарстанның ресми ақпарат агенттігі Татар-информ агенттігіне сұхбат берген Хүсейін Дириөз Қазан Саммит-2017 үшін тамаша организация ұйымдастырғанына орай Татарстанды құттықтады.

Өкілетті елші Татарстанның тек экономикалық тұрғыдан емес,  сонымен бірге мәдениет,  білім,  туризм салаларында да Түркия мен Ресей арасында бір көпір қалыптастырғанын білдірді. Дириөз сұхбат барысында Қазан Саммиті барысында Татарстан президенті Рүстем Миннихановпен өткізген кездесуі туралы да айтты. Осы кездесуде жалпы Түркия мен Татарстан ынтымақтастық тақырыптары қолға алынғанын айтқан елші екі республика арасындағы ынтымақтастықтың маңызына да тоқталғандарын білдірді.



Ұқсас жаңалықтар