Құлағу Елхан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 9

Құлағу Елхан

Шыңғысханның кенже ұлы Төледен тарайтын немересі Мәңгі 1251 жылы империяның төртінші Ұлы ханы болып сайланғаннан кейін Ұлы ханның інілері де ықпалды бола бастады. Бірінші інісі Құбылай оңтүстік Қытайды жаулауда белсенді болса, екінші інісі Құлағу Батыс Азияны жаулауда маңызды рол ойнады. Әсіресе Құлағудың жорықтары Ислам әлемінде көптеген өзгерістерге себеп болды. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыз Ирандағы Елхан мемлекетінің құрушысы Құлағу туралы болмақ.

1217 жылы Төле мен Керей ханшайымы Сұрқақтани Бегімнің Мәңгі мен Құбылайдан кейінгі үшінші ұлы ретінде дүниеге келді. Балалық шағынан көп дерек жоқ. Тек Шыңғысхан Хорезмшах жорығынан қайтып келе жатқанда аң аулап және сол үшін Шыңғыс хан той жасаған немерелерінің бірі Құлағу болғандығы белгілі. Тарихта Құлағудың христиандарға жақын тұрғандығы мәлім. Өйткені бір жағынан оның анасы христиан болса, екінші жағынан оның әйелі Тоғыз Қатын да керей христиан еді. Оның үстіне Құлағудың жақын досы әрі сенімді қолбасшысы найман Киітбұға да христиан еді.

Тұлғамыздың саяси карьерасына келетін болсақ, 1255 жылы Ұлы хан Мәңгі Құлағуға қалың қол беріп, оңтүстік батыстағы мұсылман елдерді жаулауды тапсырды. Дәлірек айтқанда, Құлағу оңтүстік Ирандағы лорларды, хашхашилер деп аталатын Исмайлиттерді, Бағдаттағы Аббаси халифатын, Сириядағы Әюбилерді және Мысырдағы Мәмлүктерді бағындыру үшін жорыққа шықты. Бұл жорыққа бүкіл Шыңғысхан империясынан қол жиналды. Ұлы ханның жарлығымен төрт ұлыстағы әрбір ондықтан екі әскер осы жорыққа қатысты. Бұған қоса, әскерлердің арасында мыңға жуық қытайлық инженер бар еді. Бұл тұрғыдан қарағанда Құлағудың жорығы Шыңғысхан немерелерінің бірлесе атсалысқан соңғы жорығы болды.

Ең алдымен лорларды оп-оңай талқандаған Құлағуға таулы аймақтарда биік қамалдарға бекеніп алған Хашхашилерді басқаша атымен Исмаилит-Низариттерді жаулауы қиындыққа соқты. Әсіресе мықты бекінісі бар Аламут қамалы көп ай берілмеді. Одан бұрынғы жаулаушылар да бұл қамалды бағындыра алмаған еді. Бірақ Құлағудың қытай инженерлері қамалдың астына туннельдер қазып, сосын оларды мұнаймен толтырып жарып жіберді. Хашхашилердің басшысы Рукнеддин Хуршах тұтқын ретінде Мәңгі ханға жіберілді. Бірақ жолда ол Мәңгі ханның бұйрығымен өлдірілді. Ал оның орынбасары Насир ад-дин ат-Туси Құлағудың кеңесшісіне айналды. Лорлар мен хашхашилерді жеңген Құлағу Бағдаттағы Аббаси халифі әл-Мустасимнің соғыссыз берілуін талап етті. Бірақ халиф қаланың биік дуалдарына сеніп берілмеді. Сондай-ақ жөндеп қорғанысқа дайындалмады. Тіпті ақылы әскерлерге де ақшаларын бермеді.

1257 жылдың күзінде моңғолдар қалаға таяды. Құлағу қол басшылары Киітбұға, Байжу, қытайлық Го Кан, Арғұн Аға, Бұқа Темір және жалайыр Елке ноянмен  қаланы қоршауға алды. Инженерлердің жасаған қамал бұзатындары Бағдаттың дуалдарын қиратып тастады. Бұл кезде халифтің ымыра ұсынысын да Құлағу қайтарып тастады. 1258 жылдың ақпанында қалаға кірген жаулаушылар халықты қырып жойып талан-тараж жасады. Тек қана қаладағы христиандар мен еврейлер Тоғыз Қатынның өтінішімен аман қалды. Қолға түскен халиф өлім жазасына кесілді.

Бағдаттың Құлағу тарапынан қиратылуының көптеген салдарлары болды. Ең алдымен тарихшылар Бағдаттың қирауын Ислам өркениетінің құлдырауына апарды деп тұжырымдайды. Алайда Ислам өркениетінің Анадолы мен Балқан түбегі және Қыпшақ даласында кең қанат жая бастағанын ойласақ, бұл тұжырыммен келісуге болмайды. Оның орнына Бағдаттың қирауы арабтардың құлдырауы десек дәлірек болады. Сол күннен бастап бүгінге дейін арабтар қырғын мен қантөгістен көздерін ашқан емес. Басқаша айтқанда арабтар халықаралық саясат сахнасынан кетті. Екіншіден, Аббаси халифінің өлтірілуі халифаттың Бағдаттан Мысырға яғни мәмлүктердің қолына өтуіне себеп болды. Мәмлүктердің қыпшақ түріктері екендігін ескерсек, Ислам әлемінің рухани басы болып саналатын халифат сол 1258  жылдан бастап 1924 жылға дейін түріктердің қолында болды. Басқаша айтқанда Ислам өркениетінде түріктердің кезеңі басталған болды.

Бағдатты алғаннан кейін Құлағу солтүстік батысқа жылжып, Мосул, Эрбил, Хамадан қалаларын алды. Тебриз қаласында болса, айналадағы Анадолы Селчуклары сияқты басқа билеушілердің бағыныштылығын қабылдады. 1259 жылы Құлағу нояндарымен бірге Сирияны жаулады. Алдымен Халеб, артынша Димашық Құлағудың қарамағына өтті. 1260 жылы Құлағу Мысырға қарсы жорыққа дайындалып жатқанда, Ұлы хан Мәңгінің қайтыс болғандығы туралы хабар жетті. Құлағу басқолбасшылықты Киітбұғаға тапсырып, өзі әскерлерінің көпшілік бөлігімен Қарақорымға оралуға мәжбүр болды. Басқолбасшы Киітбұға оңтүстікке жылжып отырып, Палестина мен Газзаны жаулады. Ал сол жылы күзде моңғолдар мен мәмлүктер арасында болған шайқаста Киітбұға Байбарыс пен Құтыздан жеңіліс тапты.

Ұлы хан болып Құбылай сайланғаннан кейін Құлағу Батыс Азияға қайтты. Ұлы хан Құлағуға Елхан деген атақ берген еді. Құлағудың Алтын Орданың тұңғыш мұсылман ханы Беркемен қақтығысы оның Мысырға қарай жылжылуының алдын алды. Алтын Орданың Мәмлүктермен одағына байланысты Құлағу жорықтарын тоқтатып, орталығы Тәбриз болған Елхан мемлекетін құрды. Елхан мемлекеті Алтын Ордамен Кавказ үшін, Мәмлүктермен Сирия үшін, Шағатайлармен Мәуренахр үшін соғысып өтті. Дегенмен Елхандармен Құбылайдың Қытайда құрған Юан әулетінің қатынасының жақсы болуы Жібек Жолының жандануына себеп болды.

Қорыта айтқанда Құлағу 1265 жылы қайтыс болғанда, Ислам әлемінің картасын мүлдем өзгерген еді. Елхан Будда дінін қабылдағанымен, оның ұрпақтары уақыт өте келе мұсылманданып кетті. Ал Елхан мемлекеті болса, болашақтағы Иран мемлекетіне негіз болды.  



Ұқсас жаңалықтар