Мәңгі Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 8

Мәңгі Хан

1241 жылы Ұлы хан Үгедей қайтыс болғаннан кейін Шыңғыс хан империясында билік үшін талас басталды. Түрік мемлекет басқару дәстүріне сай билікке әулеттің ең үлкені отыруы керек еді. Ал әулеттің ең үлкені Шыңғыс ханның Жошыдан келетін бірінші немересі Бату хан еді. Оның үстіне Шыңғыс ханның қара шаңырағына ие болып отырған кенже ұл Төленің ұрпақтарының да абыройы жоғары еді. Төле ерте қайтыс болса да, оның әйелі Сұрқақтани бегім тұрмысқа шықпай қара шаңырақты сақтап отыр еді. Алайда Үгедей хан өлер алдында өзінің мұрагері ретінде Ширамунды атап кетті. Егер Ширамун Ұлы хан болып сайланғанда дағдарыс шешілген болар ма еді. Бірақ Үгедейдің тоқалы Төрегене сарайдағы өзінің жақтастарымен бірге өз ұлы Күйікті Ұлы хан ретінде таққа отырғызуға тырысты. Бірақ бұл кезде Күйік Ұлы хан Үгедей ханның бұйрығымен жүзеге асып жатқан Батудың қолбасшылығындағы Батыс жорығына қатысып жатқан еді. Күйік жорықтан оралғаннан кейін де оның Ұлы хан сайлануы мүмкін болмады. Өйткені Батыс жорығы барысында Бату мен Күйік келіспей қалып араз болып қалған еді. Осы келіспеушілікке байланысты Жошының ұрпақтары құрылтайды әр түрлі себептермен кейінге шегере берді. Ақырында 1246 жылы Төрегене құрылтай ұйымдастырып, Күйікті Ұлы хан сайлаттырды. Күйіктің билігін Үгедейдің басқа ұлдары мен Шағатайдың ұрпақтары мойындағанмен, Жошы мен Төле ұрпақтары мойындамады. 1248 жылы Күйік хан қайтыс болғанда, Жошы мен Төленің ұрпақтары бірігіп, Төленің үлкен ұлы Мәңгіні таққа отырғызды. Сонымен бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Шыңғыс хан империясының төртінші Ұлы ханы Мәңгі туралы болмақ.

Мәңгі 1209 жылдың 11 Қаңтарында Төле мен Керей ханшайымы Сұрқақтанидың тұңғыш ұлы ретінде дүниеге келді. Сарайдың ең күшті бақсысы Таптәңір Көкше жас нәресте туылғанда жұлдыздарға қарап, оның келешегінің жарқын болатынын болжап, оған Мәңгі деген ат қойды. Үгедейдің перзентсіз әйелі Анкуй ханым оны өз ордасында өсірді. Үгедей оған жазуды үйретуі үшін парсы ғалымы Идидан Мұхаммедті жалдады. 1224 жылы Хорезмшах жорығынан қайтып келе жатқанда Шыңғыс хан немерелері Мәңгі мен Құбылаймен бірге аңға шығады. Сонда Мәңгі мен Құбылай алғашқы олжалары ретінде бір қоян мен бір киік атып алады. Осыған орай Шыңғыс хан үлкен той жасайды. Бұл кезде Мәңгі 11 жасында еді.

1230 жылы Мәңгі Ұлы хан Үгедей мен әкесі Төлемен бірге Қытайға қарсы жорыққа атанды. 1232 жылы Төле қайтыс болғанда Мәңгі тұңғыш ұл ретінде Төленің қара шаңырағына ие болып қалды. Өз кезегінде Төленің Шыңғыс ханның қара шаңырағына ие болып қалғандығын ойласақ, онда Мәңгінің шаңырағының қаншалықты құрметке ие екендігін түсіне аламыз. Оның үстіне Мәңгінің Ұлы хан Үгедейдің ордасында өскендігін ескерсек, Мәңгі Шыңғыс хан әулетінде абыройлы болғандығын көруге болады.

1230 жылы басталған Батыс жорығына Мәңгі қолбасшы ретінде қатысып, қыпшақ жерлері, орыс қалалары, Қырым және Кавказдағы аландар мен шеркестерді бағындыруда көп еңбек сіңірді. Осы жорық кезінде Батумен жақын қарым-қатынас орнатты.

1251 жылдың 1 шілдесінде Қарақорымда өткен құрылтайда Мәңгі Ұлы хан болып сайланды. Құрылтайға Бату інісі Берке мен баласы Сартақты қалың қолмен жіберді. Мәңгінің билігін Шыңғысханның інісі ақсақал Белқұтай, атақты Сүбедей ноянның баласы қолбасшы Ұранқадай, тіпті Үгедейдің баласы Қадан да мойындады. Құрылтайда Мәңгі «Ұлы хан» атағын алғанда, Батуға әулеттің үлкені деген құрметпен «Аға» деген атақ берілді. Құрылтайдан кейін Үгедей мен Шағатай ұрпақтарының жасырын түрде Мәңгіге қарсы төңкеріске дайындалып жатқандығы әшкере болды. Осыған байланысты тергеу жүргізіліп, нәтижесінде Шағатай мен Үгедей ұрпақтарының көптеген өкілдері тұтқындалып жазаланды. Қорыта айтқанда  Мәңгі өзінің билігінің тұрақтылығын сақтай білді. Ал оның Батумен одағы Шыңғыс хан империясының тұтастығын сақтап қалуға жағдай жасады.

Мәңгі Ұлы хан кезінде империя одан әрі дами түсті. Ұлы хан бір жағынан мемлекеттің кеңеюіне,  екінші жағынан жауланған жерлердің гүлденуіне көңіл бөлді. Бүкіл империяда тұрақтылық орнап, шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке қарай саудагерлер мен ғалымдар емін еркін жүре алатын болды. Мәңгі Ұлы хан кезінде болған тағы бір жаңалық, ол бүкіл елде халық санын жүргізіп, салық жинауды ретке келтірді.

Мәңгінің билік құрған кезінде империя оңтүстікте Үнді-қытай түбегіне қарай, батыста Батыс Азияға қарай кеңейе бастады. Мәңгінің інісі Хулагудың Аббаси әулетінің ордасы және Ислам әлемінің астанасы Бағдатты қиратуы мұсылмандар арасында көп наразылық тудырса да, Мәңгі Түркі өркениетінің діни толлеранттылық дәстүрін жалғастыра берді. Римнен келген елші Уиллиам Рубруктың қол астындағыларды христиан дініне өткізу туралы өтінішіне: «Біз моңғолдар бір құдайға сенеміз, сонымен өмір сүріп, сонымен өлеміз. Құдайдың бес саусақты әр түрлі қылып жаратқанындай, адамдарға да әр түрлі жол берген.» дей келе қол астындағылардың қай дінді таңдау керектігін бұйрық беріп күштей алмайтындығын білдірді.     

Ұлы хан 1259 жылдың 11 Тамызында Оңтүстік Қытайда қайтыс болды. Оның мүрдесі Шыңғыс хан мен Төленің мазарының қасына жерленді. Мәңгінің өлімінен кейін Шыңғыс хан империясы ыдырай бастады. Осылайша тұтас Моңғол империясы жойылды. Мәңгі соңғы Ұлы хан ретінде тарихқа енді.   



Ұқсас жаңалықтар