Төле ұлы ноян

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 07

Төле ұлы ноян

Түріктердің отбасы дәстүріне сай үйдің  кенже ұлы әпке-қарындастары ұзатылып, ағалары еншісін алып кеткеннен кейін әкесінің қара шаңырағына ие болып қалады. Түркі мемлекет түсінігінде де осы дәстүр орныққан еді. Яғни билеуші әулеттің ең үлкені әкесінің орнын басса, әулеттің ең кенжесі әкесінің мемлекет қалыптасып жатқандағы ең бастапқы жерлерін билейді. Ұлы моңғол мемлекетінде де тура осылай болған еді. Дәлірек айтқанда, Үкітай яғни Үгедей Шыңғыс ханның тағына шықса, Шыңғысханның кенже ұлы Төле қара шаңыраққа ие болып, ішкі Моңғолияны өз иелігіне алды. Ендеше, бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Шыңғыс ханның кенже ұлы Төле туралы болмақ.

Төле 1192 жылы Шыңғыс хан мен Бөртенің төртінші ұлы ретінде дүниеге келді. Жасы тым кішкене болғандықтан Шыңғыс ханның Ұлы даладағы түркі моңғол руларының басын қосу жорықтарына қатыса алмады. Тіпті бес жастары шамасында бір татар Төлені өлтіруге сәл- ақ қалды. Тек оны әпкесі Алтын мен Шыңғыс ханның екі досы құтқарып қалды. Төле үйлену шағына келгенде, Керей ханы Оң хан немесе басқа бір атымен Тоғырыл ханның інісі Жақа Қамбудың қызы Сұрқақтанимен үйленді. Егер керейлердің Көк түріктермен Шыңғыс ханның аралығында далалықтардың арасында билік ұстаған және бұл билігі басқа көшпенділер тарапынан мойындалғанын ескерсек, Төленің керей ханшайымына үйленуі оның Шыңғыс хан мемлекетінде беделін өсіргені анық.

Төле алғаш рет 1213 Шыңғыс ханның Жиң әулетінің қол астындағы Қытайға жүргізген жорығына қатысты. Ол қайнағасы Шегемен бірге Дысиң қамалын алуға жауапты болды. Ал Шыңғыс ханның Хорезмшах мемлекетіне жасаған жорығында Төле ағалары сияқты бас қолбасшы ретінде емес, әкесінің қарамағындағы қолбасшы ретінде қатысты. Бірақ та Төлеге Мерв қаласын бағындыру тапсырылды. 1221 жылы қаланы талқандаған Төле оңтүстік батыстағы Нишапур қаласындағы әскерлерге қолдауға барды. Бір жыл бой қорғанып жатқан қала Шыңғыс ханның маңызды нояндарының бірі, әрі Төленің қайнағасы Тоғышарды өлтірген еді. Қаланы күшпен алған Төле Тоғышардың кегін алу үшін қаланы жермен-жексен қылып қиратты. Одан әрі қарай Төле Герат қаласын да Хорезмшах сұлтаны Жәлеледдин Мәңгібердінің тағайындаған қала басы мен әскерлерінен босатып, қаланы Шыңғыс хан империясының иелігіне қосты.

1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғанда келесі Ұлы ханның Үкітай болатындығы белгілі еді. Алайда оның хан сайланып таққа отыруы үшін құрылтай жиналуы керек еді. Ал құрылтай тек екі жылдан кейін ғана жиналды. Осы екі жылдың көлемінде Төле қара шаңырақтың және империяның орталығы Қарақорымның иесі ретінде уақытша билікті өз қолында ұстады. Төленің билігін әулеттің барлық мүшелері және басқа нояндар мен рубасылары да қолдады. Өйткені дәстүрге сай Төленің мұндай құқығы бар еді және Моңғолиядағы ең саны көп қол оған қарайтын еді. Қысқасы Төле биліктің Шыңғыс ханнан Үкітай ханға өтетін өтпелі кезеңде өте маңызды жауапкершілікті атқарды. Үкітай ұлы хан болып сайланғаннан кейін Төле оның билігін мойындап, оған адал қызмет ететіндігіне тоғыз рет ант етті.

Үкітайдың Ұлы хан ретінде билігі кезінде Төле оның империяны басқару саласындағы реформаларының жүзеге асуына қытай бюрократ Елүй Цуцаймен бірге ат салысты. Сонымен қатар Төле Үкітайдың Жиң Қытайын жаулау жорықтарына да белсенді қатысты. Бұл жорық моңғол әскерлеріне өте қиын болған еді. 1230 жылы Төле оңтүстік батыс шебінде Сүбедейді қолбасшы ретінде алмастырды және шүршіт әскерлерін ішкеріге қарай ығыстыра бастады. Жалпы тарихта Төле өзінің шебер қолбасышылығымен танымал. Оған Ұлы ноян деген атақтың берілуі де тегін емес.

Төле ағаларынан жасы кіші болуына қарамастан, олардан бұрын 1232 жылы қайтыс болды. Оның өлімі туралы қызық деректер бар. Үкітайдың Жиң Қытайына шабуылы кезінде, қытайлар Үкітайды дуалап қояды. Нәтижесінде Үкітай хан ауырып өлуге айналады. Ұлы ханның айналасындағы шаман дәрігерлер оның жазылуы үшін ағайындарының бірінің оны айналуы керектігін айтады. «Айналу» деп атасақ болатын бұл ем бойынша әдетте бір малды ауырып жатқан адамның жанжағында бірнеше рет айналдырады. Сенім бойынша айналған мал науқастың ауруын өзіне алады. Қазақтардың «адамды айналма» деп тыйып жататыны және сүйікті адамдарына «айналайын» деп айтатыны сондықтан. Басқаша айтқанда «айналайын» деген сөз – «сенің үшін құрбан болайын» деген сөз.

Төле өз еркімен Үкітайды айналатындығын айтады. Ақырында емдеудің нәтижесінде Үкітай ауруынан жазылып кетеді. Ал Төле болса, көп өтпей қайтыс болады. Бұл Төленің ағайынгершілігінің көрінісі еді. Ол қайтыс болғаннан кейін орнына билеуші ретінде әйелі Сұқақтани бегім отырады. Шыңғыс хан мемлекетінің кейінгі тарихында өз таңбасын қалдырған Керей ханшайым Жошының ұрпақтарымен одақтасып, өз балаларының Ұлы хан ретінде таққа отыруына жағдай жасайды. Тарихта өз аттарын алтын әріптермен жаздырған Мөңке, Құбылай, Хулагу хандардың Төленің ұрпақтары екендігін ескерсек, осы алып тұлғаларды тәрбиелеп шығарған Төлені Ұлы тұлға деп атауға толық қақымыз бар.

Қорыта айтқанда, Төле өмірінде «хан» атағын алмаса да, Ұлы ноян ретінде Шыңғыс хан империясының тұрақтылығы үшін көп еңбек сіңірді. Ал оның ұрпақтары Түркі өркениетінің өрісін одан әрі кеңейтті.



Ұқсас жаңалықтар