Йемендік Мерве

Проф. Др. Күдрет Бүлбүлдің мақаласы

Йемендік Мерве

Біз кейде кішкентай проблемамызды асыра сілтеп жібереміз... Тек осы проблемамызды ойлап, өмірден,  айналамыздан,  елімізден түңіліп кетіп жататын кездеріміз болады.  Осындай жағдайларда осы проблемаларды шетке тастап, біз өмір сүрген елге сырттан қарау дұрыс ойлауымызға көмектеседі. Осы шеңберде төмендегі болған оқиғаны Түркияның қандай мағынаға келетінін көру үшін сіздермен бөліскім келеді.

Түркия соңғы кездері айналасындағы төтенше оқиғаларға қарамастан,  бара-бара білім ошағына айнала бастады.  Мен студент болған кездері Түркияға көп ешкім болашақ іздеп келмейтін.  Ал енді Түркияда шамамен 150 мың шетелдік студент білім алуда, олар болашақтарын Түркияда іздейді. Кейде сандар, көрсеткіштер айта салғанда, артындағы хикаяларды жасыратын жамылғыш секілді. Ал әрбір студенттің өмірі өз алдына бір бөлек хикая, өз алдына бір дастан, үміт және ізденіс. Осы жастар үшін Түркияның қандай үміт екенін, қаншалықты бір тебіреніс екенін көрсету үшін Йеменнен келген Мервенің хикаясын жазамын.

Анкара Йылдырым Беязыт Университеті Саясаттану факультетінің деканы Проф. Др. Күдрет Бүлбүлдің мақаласын ұсынамыз.

Йемен

Йемен... Қызыл теңізге, Аден шығанағына,  Оман теңізіне жағалауы бар,  стратегиялық тұғыры себебімен тарихтың барлық кездерінде қайғы-қасірет шеккен бір ел. Біздің тұрғымыздан Мекке мен Мәдинаның қорғанысы сол жерден басталғандықтан ең көп шейіт берген жерлеріміздің бірі. Чанаккале екеуіне халқымыз ең көп жоқтау айтқан шығар. Ұлтымыздың жүрегін елжіреткен жер. 15 жасар қыздарымыз көз жасын төккен жер. Дастандарымыз,  жоқтауларымыз, қайғыларымыздың жүрегімізге жазылғаны соншалықты, шейіттердің көптігінен болса керек, Чанаккале және Йемен деген кезде жүрегіміз елжіреп, көңіліміз ортаяды.

Үмітке сапар...

Мерве міне, осындай бір елден, Йеменнің бас қаласы Санадан.  Әрбір жас буын секілді болашақ іздеу барысында 2014 жылғы азаматтық соғыста елінің тағдыры өзгереді.  Төңкеріс кезеңдерінде тек қарулардың даусы шығады,  адамдар ұмытылады.  Жастар да,  олардың болашағы да еленбейді.

2015 жылы елін қара түнек жапқанда,  Мервенің жолына жарық түсірген оқиға болады. Түркияның Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы тарапынан Түркияда оқуға жолдама алғаны туралы хабарлама келіп жетеді. Америка Құрама Штаттарының, Германияның, Ұлыбританияның түрлі стипендиялары Йемендегі азаматтық соғыс салдарынан тоқтатылғандықтан Түркия стипендиясы Мерве секілді Йеменнің 150 студенті үшін болашаққа апарар жалғыз жол болады. Түркияны армандап, Түркияда оқып,  қайта оралып елді қайта құру үшін қатты толқиды.

Бір жағынан үміттері, бір жағында өмірдің ащы шындықтары.  Елдегі соғыс салдарынан Санадағы өкілетті елшіліктер жабылып,  көбі Джиддаға көшкен кез. Қауіпсіздік проблемасына байланысты ұшақ рейстері де игерілмейді.  Түркияға келу үшін виза алуы қажет. Бірақ соғысып жатқан түрлі қарулы топтардың бақылауындағы осы жолдардан, бомбалар, шайқастар,  шабуылдар арасынан Сауд Арабия шекарасына жеті мүмкін емес.  Шекараға жетсе де, Сауд Арабияға кірудің өзі қиын іс.

Осындай амалсыздықтар ішінде айла іздеген жастар Сана қаласында бір-бірімен жиі кездесіп тұрды.  Джиддадағы Түркия өкілетті елшілігімен байланысқа өтті.  Виза үшін төлқұжаттарды Джидда қаласына жеткізуден басқа жол жоқ.  Соңында бір жас жігіт барлық төлқұжаттарды Джидда қаласына апаруға бел буады. Жастар үлкен үмітпен Йемендегі талапкерлердің төлқұжаттарын жинауға кіріседі.  Бірақ үміттері босқа кетеді.  Себебі ерікті болған жас жігіт бомбалар арасындағы Йемен қалаларынан өтіп,  төлқұжаттарды Джиддаға жеткізуге батылы шыдамайды, кетуден айнып қалады.

Тап үміт үзілді деген кезде, «кім барады?» деген кезде Мерве айналасына қарамай, «Мен барамын» деп жауап береді.  Ол төлқұжаттарды Джиддаға жеткізуге ерікті болады. Мервенің шешіміне отбасы да қатты қиналады. Оны шешімінен бас тартқызуға тырысады. Баратын болса,  рискі аз болатындықтан тек өз төлқұжатын ғана апаруды сұрайды.  Бірақ Мерве стипендия алып тұрған барлық талапкерлердің тағдырының бір өзіне қарап тұрғанын сезінгендіктен,  шешімінен бас тартпайды. Студенттер мен жанұялары тездетіп 90 төлқұжатты жинап береді. Студенттердің кейбірін таба алмайды.  Кейбірі де Мервенің осы сапарда аман қалатынына күдікпен қарап, аман қалса да соншама көп төлқұжатпен Сауд Арабиясына кіре алмайтынын ойлап төлқұжаттарын бермейді.

Түркияның өкілетті және төтенше елшісі Фазлы Чорман Мервенің осы шешіміне,  батылдығына риза болады. Бірақ шешімінің рисктерін қайта-қайта түсіндіріп айтады. Бақылау пункттерінде тінту кезінде қолында соншама көп төлқұжат табылса, өміріне қауіп төнетінін айтады. Осы ықтималдардың барлығына қарамастан, оған «Түркияда білім алуға жолдама алғанын, стипендия алғандардың виза істерін шешу үшін басқа төлқұжаттармен бірге Джиддаға бара жатқанын» білдіретін құжат беруге болатынын айтады.

Мерве отбасының және қалған студенттер мен олардың да отбасыларының дұғаларымен жолға шығады.  Екі күн бойы Сауд Арабия шекарасына дейін Йемен жерінде жол жүреді. Алған дұғаларының күшінен болар,  жолда ешбір қақтығысқа тап болмай,  бомбалауға кезікпейді. Көптеген бақылау пункттерінде де Йемендегі дәстүрлі мәдениеттен болса керек,  қыз баланың үстін тінтіп, егжей-тегжейлі тексермейді де. Таңғы сағат 10 шамасында Йемен кеденіне жетеді. Бірақ алдында ұзын кезек күтіп тұрды. Осы кезекте күтсе,  күні бойы өзіне кезек келмейтінін сезінді. Йемен кеден қызметкерлерімен сөйлесіп,  осы жерден де өтеді.  Жауырынына сөмкесін асып, 90 студенттің болашағына жол ашатын төлқұжаттармен Сауд Арабиясының кеден пунктына қарай жол тартады.

«Жалғыз кіре алмайсың»

Сауд Арабиясының кеден пунктында ісі көп оңай болмайды. Қызметкерлер Мервеге сенбейді. Ашуланады, бүгін ешнәрсе жасай алмайтындарын айтып, «Ертең кел» дейді. Шөлдің ортасында жалғыз қыз не қылады? Мерве қайтадан өкілетті елшілікпен байланысқа шығады. Өкілетті елшілік тақырыпқа байланысты факс жолдайды. Саудтық қызметкерлер бұл жолы қасында махрамы, яғни күйеуі, әкесі, ағасы немесе інісінсіз Сауд Арабияға кіргізе алмайтындарын айтады. Мерве қажылық үшін келмегенін,  Сауд Арабияда үш күннен артық болмайтынын, төлқұжат ісінен кейін шығып кететінін қайта-қайта айтып түсіндіреді.  9 сағат көндіруге тырысқаннан кейін құжатқа махрамы деп біреудің атын жазғаннан кейін Мервенің елге кіруіне рұқсат береді.

Өкілетті елшілік қызметкерлері Мервені үлкен шаттықпен және қуанышпен қарсы алады.  Үш күн бойы тынбастан жұмыстанып,  виза істерін шешеді.

Бірақ Мерве үшін қиыншылықтар осымен бітпейді. Қайта оралар жол да өте қауіпті. Қайтар жолда мінген автобусы бір көпірде бомбаның астында қалудан бірнеше минутпен құтылады. Жолаушы автобусы шөлдің ішінен, балама жолдарды қолданып,  ақыр аяғында Санаға келіп жетеді.

Мерве қазір Йылдырым Беязыт Университетінде менің студентім.  Басқа студенттер де өз елдеріне қызмет ету жолында Түркияда білім алып жүр.

Осы хикаяны өздері қаншама әдепсіз болса да, өздеріне бағытталған кішкентай ғана сынды көтере алмайтын, ешқайда кетпесе де «енді бұл елде өмір сүруге болмайды,  кетемін» деушілерге арнаймын.

 

 



Ұқсас жаңалықтар